Астанада
толассыз жауған жаңбырдан көптеген көліктердің нөмірлері жоғалды. Бүгінде
полицейлер мен қала тұрғындары тапқан жиырмаға жуық мемлекеттік нөмірдің
іздеушісі әлі жоқ. Соңғы 3 күнде бас-аяғы 35 мемлекеттік нөмір табылды. Жауын
кезінде көлігімен су кешіп жүріп, бір емес екі нөмірін де жоғалтып алғандар бар
екен. Осы күні он беске тарта нөмір көліктің техникалық құжатын көрсету арқылы
иелеріне қайтарылды. Бірақ, жауын салдарынан нөмірін жоғалтқан жандар қатары
көп дейді жол полициясы қызметкерлері. Оған күн сайын толассыз түсіп жатқан
телефон қоңыраулары дәлел. Ал, нөмірлері табылмаған көлік иелері Арнайы қызмет
көрсету орталығына барып жаңадан нөмір жасатуы тиіс. Әрине, ақылы түрде.
Жауында жоғалғанына қарамастан, нөмірді қайта рәсімдеуде ешқандай жеңілдік
қарастырылмайды. Ақысы көлікке жаңа құжат алған кездегі төленетін сомаға тең.
Десек те, табылған нөмірдің өзін жүргізушілер оңайлықпен ала алмайды екен.
Тахир
Абдурахманов, Астана қаласы ІІД Әкімшілік- полиция басқармасы
әкімшілік-тәжірибе бөлімінің басшысы:
Сәйкесінше,
нөмірлерді бермес бұрын оларды әкімшілік құқық бұзушылыққа тексереміз. Егер
қандай да бір айыппұлдар анықталса төлеуге кеңес береміз. Сонымен қатар,
нөмірлерін жоғалтқан азаматтар: Жаңа жол 6 мекен жайында орналасқан Әкімшілік-тәжірибе
бөліміне хабарласып, не келіп нөмірлері табылды ма соны тексере алады.
Астанада
демалыс күндері су шамадан тыс көлкіген Бауыржан Момышұлы көшесінде 25
мемлекеттік нөмір табылды. Олардың барлығы сол жерде иелеріне қайтарылған. Ал,
болашақта арнайы ойығы жоқ жаңа нөмірлерді жоғалтпас үшін әкімшілік-полиция
қызметкерлері оларды берік бекітуге кеңес береді. Бекіту орны қарастырылмаса да
нөмір стандартын сақтай отырып, бұрандап бекітуге де болады. Тек мемлекеттік ту
бейнесі мен «KZ» деген жазу жабылмауы тиіс, әрі бұранданың түсі номердегідей ақ
немесе ашық түсті болуы шарт.
Берік
ХАСЕНОВ