Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

АҚШ Президенті муниципалдық полицияға әскери қару-жарақ пайдалануға тыйым салды

AstanaTV
20.05.2015ж. 10:00
982
АҚШ Президенті муниципалдық полицияға әскери қару-жарақ пайдалануға тыйым салды

АҚШ Президенті Барак Обама муниципалдық полицияға әскери қару-жарақ пен камуфляж пайдалануға тыйым салды деп жазады Рейтерс агенттігі. Бұдан былай жергілікті сақшылар құрышпен қапталған ауыр көліктер мен граната атқыштарды қолдана алмайды. Тыйым салынған заттардың санатында камуфляжды форма да бар. Дегенмен, шектеу қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға қажет құрал-жабдықтарға қойылмайды. Яғни, күш құрылымдарының өкілдері көзден жас ағызатын газ бен су атқыш құралдарды бұрынғыша қолдана бермек. Ақүйдің мәлімдеуінше, полицейлердің әскери қару-жарақты шексіз пайдалануы өкілеттілікті асыра сілтеуге әкелуде. Бұл мәселе алғаш рет Фергюсон оқиғасынан кейін талқылана бастады. Өз кезегінде, Барак Обама елде 10 жылға жуық қолданылып келген муниципалды полицияның жұмысын зерделеуді тапсырды. Еске салсақ, Фергюсон қаласындағы толқулар 18 жастағы афроамерикалық Майкл Браунның өлімінен кейін басталған болатын. Тұрғындар жергілікті билікті күш құрылымдарын асыра пайдаланғаны үшін айыптап, ереуілге шықты. Қарсылық шерулер елдің басқа да қалаларында ұйымдастырылды. Фергюсон шаһарындағы жағдайды реттеу үшін ұлттық гвардияның жасақтары жұмылдырылған болатын.

Барак Обама, АҚШ президенті:

Бәріміз де көріп жүрміз, қарапайым адамдар әскери қару-жарақ асынған полицияны көргенде, басқыншы әскер деп қабылдайды. Үрке қарайды және ызаланады. Соғысқа арналған құрал-жабдықтардың басым бөлігінің полиция қызметіне еш қатысы болмауы керек.

Әсем МҰХИТОВА