Астана қалалық әкімдігі соғыс ардагерлеріне сыйлық жасауды жалғастыруда.
Елорда билігі қариялардың баспаналарын тегін жөндеуден өткізіп беруді қолға
алған. Қала бойынша арнайы тізім жасалып, көмекке зәру қарт майдангерлердің
үйлеріне жөндеу бригадалары жөнелтіліп жатыр. Қазірдің өзінде оншақты үйге
күрделі жөндеу жүргізілді. Құрылыстың сапасына көңілі толған қариялар бұған дән
риза.
Иван Лончаковтың осы пәтерде тұрғанына 38 жыл болған. Жарынан айырылғалы
бері қария қызымен бірге тұрады. Қан майданға 42-ші жылы аттанған Иван атай
сұрапыл соғыс жылдары Кеңес үкіметінің шекаралас аймақтарында соғысқан.
Кейіннен тың игеру жылдары Ақмола аймағына келіп, 45 жыл теміржол саласында
қызмет етеді. Ардагер әлі күнге дейін Кеңес үкіметі тұсындағы теміржол желілерінің
«картасын» көзінің қарашығындай сақтап жүр. Оның майданда көрсеткен ерліктері
үшін алған төс белгілері де аз емес.
Иван Лончаков, Ұлы Отан соғысының ардагері:
1 миллион жапондықтар Маньчжурияны басып алды. Олар сол аумақ арқылы Кеңес
Одағына шабуыл жасауды көздеді. Жапондықтар Гитлермен бір болды. Ал біз сол
басқыншылардан шекараларымызды қорғадық.
Астана қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен игі іс қолға алынып, нәтижесінде
ардагердің баспанасы жаңарып шыға келді. Күрделі жөндеуді құрылыс компанияларының
бірі қолға алды. Терезелерді тегін ауыстырған олар қабырға, еденді де қалпына
келтірді.
Вера Веселая, Иван Лончаковтың қызы:
Міне, мына түсқағаздардың барлығын қараңғы түнге дейін ауыстырды. Өте
ризамын. Тек бізге ғана емес, басқа ардагерлерге де осындай көмек көрсетті.
Әкімдікке, әсіресе Президентке айтар алғысым шексіз. Осының барлығы қан
майданда соғысқан ардагерлерге деген құрмет.
Әкімдіктегілер бұл бір күндік шара емес деп отыр. Жыл аяғына дейін Астанада
тұратын 70 ардагердің баспанасына жөндеу жүргізу жоспарланған. Тек мереке
күндері ғана емес, қарияларға барлық уақытта да қолдан келгенше көңіл бөлеміз, - дейді қала әкімдігінің өкілдері.
Берік ХАСЕНОВ