$478.58 €520.84 ₽5.44
×

«Протон-М» зымыран тасығыштарының ұшырылымдары уақытша тоқтатылды

AstanaTV
18.05.2015ж. 20:00
1370
«Протон-М» зымыран тасығыштарының ұшырылымдары уақытша тоқтатылды

«Протон-М» зымыран тасығышының 16 мамырда орын алған кезекті апаты бойынша алдын-ала болжам ғана бар. Ресей тарабының пайымынша, зымыран тасығыштың үшінші бөлігіндегі басқару қозғалтқышы істен шыққан. Айта өтейік, бұл Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған ресейлік зымыран тасығыштардың соңғы бір ай ішіндегі екінші апаты. Абырой болғанда, әуедегі. «Роскосмос» жүйелік дағдарыстан шыға алмай жатыр, сондықтан осындай олқылық орын алуда", - дейді Ресей үкіметінің өкілдері. Ал «Протондарды» ұшыру апаттың нақты себебі анықталмайынша, тоқтатылып отыр.

Байқоңыр ғарыш айлағы, № 39 ұшырылым алаңы. Көкке көтерілген кезекті «Протонмен», 5 минут өтпей жатып, байланыс үзілді. «Роскосмос» бірден төтенше жағдай жариялады. Зымыран тасығыш орбитаға MexSat-1 мексикалық жерсерігін жеткізуі тиіс болатын. Ресми мәліметтерге қарағанда, ұшу барысының 497-ші секундында байланыс үзілген. Жанып кеткен зымыранның қалдықтары Байкал өлкесіне құлауы мүмкін деген болжам бар. Мұндай оқыс оқиғалар Ресей космонавтикасында соңғы кездері тым жиілеп кетті. Дәл осындай апат тура бір жыл бұрын да орын алған. Яғни былтыр 16 мамырда «Протон-М» зымыран тасығышы орбитаға құны миллиард долларға бағаланған, ең мықты «Экспресс-АМ-4Р» телекоммуникациялық спутнигін шығаруы тиіс еді. Жерсерігі Ресейдікі болатын. Бірақ ұшырылым сәтсіз аяқталып, спутник Қытай аспанында атмосферада жанып кетті. 2011 жылдың тамызында да Байқоңырдан Ресейдің үш навигациялық «Глонасс-М» жер серігін алып ұшқан «Протон-М» зымыраны апатқа ұшыраған. Ал 2013-тің жазында орын алған кезекті сәтсіз ұшырылым қазақ даласында жарылып, табиғатқа шығын әкелді. Апат салдарынан мыңдаған тонна улы гептил Қызылорда төңірегіне төгілді.

Бұл апат үшін Ресей тарапы әлі бір тиын да өтемақы төлеген жоқ. Әр зымыранның ұшырылымы сақтандырылатынын ескерсек, Ресей «Протон» апаттары үшін материалдық жауапкершіліктен босатылады деген сөз. Бәрі де сақтандыру есебінен өтелуі тиіс. Бірақ бұл апаттар легі әлі қашанға дейін созылары белгісіз. Ресейдің ғарыш саласы күрделі реформаны қажет ететін сыңайлы.

TwitLonger парақшасында Ресей премьер-министрінің орынбасары Дмитрий Рогозин де осыны жазды. Оның айтуынша, салаға тыңғылықты өзгерістер енгізу қажет. Ал, жоғарыда айтылған апаттар болса, Ресей ғарыш саласының жүйелік дағдарыстан шыға алмауының салдары, дейді ол. «Протон-М» зымыран тасығыштарына келер болсақ, олардың ұшырылымы апаттардың нақты себептері анықталмайынша, тоқтатылды. Ал бұған кем дегенде бірнеше ай уақыт кетеді, - дейді мамандар. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА