$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қисайған үй

AstanaTV
04.06.2016ж. 20:00
1884
 Қисайған үй

Алматыдағы Алғабас шағын ауданында көпқабатты  үйлердің бірі қисайып қалды. Тұрғындардың дабылынан соң  төтенше жағдай қызметкерлері 200-дей тұрғынды дереу далаға шығарған. Адамдар бас аяғы бір жыл да тұрмаған су жаңа баспаналарының неге бүлінгенін білмей дал. Жұрттың алды осыдан 4 жыл бұрын Қарағандыда болған "Бесоба" оқиғасы қайталана ма деп те үрейленеді. Алатау ауданына қарасты  бұл көпқабатты тұрғын үйлер  өткен жылы пайдалануға берілген. Қисайып қалған 9 қабатты үйдің өзі 2014 жылы мемлекеттік тұрғын үй комиссиясының қабылдауынан сәтті өткенге ұқсайды. Тұрғындар былтыр қыркүйекте ғана толықтай қоныстаныпты. Жұрт баспаналарының сапасы сын көтермейтінін айтып,  бастапқыда-ақ дабыл көтерген. Арнайы суағатын жүйе жоқ болғандықтын көктемде молынан жауыған жаңбыр суынан үйдегі жертөле бір құрғамапты. Осыны алға тартқан алғабастықтар жыларман күйде.  

Жанар Әбілмәжінова, тұрғын:

Бір ай болды қақсағанымызға. Үш күн ішінде үй қыңырайып, жарты метрге дейін қисайды. Ал ары қарай тұра бергенде, қалай болар еді. Бұл мемлекеттік бағдарламамен қарттарға, мүгедектерге, көп балаы аналарға берілген үй. Енді қайда барып тұрамыз.

Айгүл Көпеева, тұрғын:

Мына үй қисайғанымен қоймай тықырлаған дауыс шығады. Бір ай болды. Оны Астана құрылыстың бастығы келгенде айтып едім өзі қорқып кетті. Шынымен, мынау жайлап кетіп жатыр екен, тұруға болмайды деп айтты.

Үрей құшағында қашанғы отырсын, халық  ақырында амалсыздан баспаналарын тастап шығуға мәжбүр болды. Үйдің кәдімгідей еңкейіп қалғанына көздері жеткен мамандар да тұрғындарды шұғыл эвакуациялады. Көп қабатты үй өз қалпынан 30-40 сантиметрге дейін ауытқыған. Оны мынадай майысқан темірлер мен арнайы орнатылған өлшеуіш құралынан байқауға болады.   «Шамадан тыс жауған жауын суы үйдің іргетасына  сіңген. Ылғалдан жер қыртысы босаған, ақыры жағдай осыған әкеп соқтырған болуы мүмкін». Мамандар болжамы әдепкіде осылай болған. Құрылысты жүргізген мердігер мекеменің басшысы үйдің сапасына шаң жуытпады, бірақ.

Бекболат Амантурлин, «Астана құрылыс» компаниясының президенті:

Бүгін динамика тұрақты. Басқа қозғалыс жоқ. Қазақ құрылыс сәулет ғылыми зерттеу институты өкілдері осында шақырылды, сараптама жасалады. Соның нәтижесіне сәйкес шешім қабылдаймыз. Біздің компанияға қатысты ескертулердің барлығын жоямыз. Біз өз тарапымыздан құрылыс сапасыз деген тұжырыммен келіспейміз.

Тұрғындар күзет қойылған пәтерлерге кіруге әрекет жасады. Үй ішінде қалған дүние мүлік,  тұрмыстық заттар,ең бастысы құжаттарын алып шыққысы келеді. Әкімдік  200 дей адамға қонақ үйлердің бірінен орын ұсынды. Ал артынша,  арнайы комиссия  «Алғабас-6» ықшам ауданындағы үйді апатты деп таныды. Көпқабатты үй  сүрілетін болды. Комиссия қорытындысы: «Үйді саларда мердігер компания жердің бедері мен топырақтың құрамын дұрыс тексермеген».  72 пәтерлі баспананың тұрғындарына пәтерлерден дүние-мүліктерін шығарып алу үшін екі тәулік уақыт берілді.  Шенеуніктер бұл үйде ары қарай тұра берудің адамдар үшін қауіпті екендігін мойындаған.  Енді құрылысты жүргізген «Астана Құрылыс» компаниясы тұрғындарға қайтадан баспана салып береді немесе өзге үйлерден пәтерлер тауып беруге міндеттелмек. Әкімдіктің есебі бойынша құрылысқа 400 млн. теңге қаражат жұмсалған.

Сұлтанбек Мәкежанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

Сараптаманың көрсетуі бойынша, бұл ғимарат іргетасында судан қорғау мәселесі және оны бекіту жұмыстары жасалмаған. Халық түсініп отыр. Бірнеше күнде мердігер өз шешімін шығаруы керек. Өз есебінен қай жерден, қандай механизмдер арқылы халықты жайлы пәтерлерге орналастыруға жағдай жасауды ойластыруы тиіс.

Ришат Аскарбекұлы