$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Камерундықтардың Қазақстандағы жаңа жылдық хикаясы

AstanaTV
30.12.2015ж. 20:00
1285
Камерундықтардың Қазақстандағы жаңа жылдық хикаясы

Африка елінің қос азаматы Жаңа жыл мерекесін осымен екінші мәрте қазақстандықтармен бірге атап өтеді. Керекуде жазасын өтеп жатқан камерундық Кристиан мен Парфе қазақ тілінде ән шырқап, домбыраның құлағында ойнайды. Айтуларынша, өзге ұлттың салт-дәстүрімен танысу жаңашылдық. Десе де, арқаның аязына үйреніп кету қиынға соққанын жасырмайды.Шетелдіктердің қазақ жеріндегі бүгінгі өмірі жайлы әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы біліп қайтты. 

АП-162/2 колониясын Павлодарда білмейтін адам санаулы. Мекеменің танымалдығына осында жазасын өтеп жатқан қос камерундық жігіттің де үлесі бар.

Кристиан мен Парфе 2014 жылы жалған ақша жасады деп айыпталған. Алматы қаласында ұсталған олар «жай қағазды АҚШ валютасына айналдырамыз» деп халықты алдаған. Бұл құйтырқы әрекеттерін «сиқырдың күшімен» іске асырған-мыс. Алаяқтығы үшін 6 жылға сотталған африкалық азаматтар бөтен елдің тірлігіне бейімделіп қалғанын айтады.

Парфе, сотталушы:

Екінші рет қысты Қазақстанда қарсы алып жатырмыз. Шынын айтсақ, алғашқыда өте ауыр болды. Бұ жақтың қысын Еуропаның қысымен салыстыруға келмейді. Мысалы -40-45 деген аяз болмайды, онда. Ал, Павлодарда былтыр -40 болды. Биыл  ағзамыз  үйренді, сондықтан бәрі жақсы болады деп ойлаймыз. 

Қос камерундық уақытын бос өткізбейді. Дайындықтардан қолдары босай қалса, мекеменің кітапханасына асығады. Айтуларынша, әдебиет арқылы тілді меңгеру оңайырақ.

Кристиан, сотталушы:

Мен біз жайлы шыққан барлық газеттердегі материалдарды жинап жатырмын. Қазір 4-5 мақала болды. Сақтап, ертең еліме қайтқанда балаларыма көрсеткім келеді. Екі жылдай қайда болдың деп сұрағанда, осындай елде болдым деп көрсетемін.

Африкалық азаматтар орыс тілінде еркін сөйлейді. Қазір қазақ тілін үйренуге кіріскен. Бұл істе оларға музыка өнері де таптырмас көмекші. Кристиан мен Парфенің қоржынында белгілі эстрада жұлдыздарының хит әндері бар. Бірақ, жігіттерге халық әндерінің әуені ерекше ұнады.

Жаңа жылды Кристиан мен Парфе қатарластарымен бірге асыға күтуде. Айтуларынша, мерекелік кешке әзірлеген базарлықтары бар. Бұл жолы камерундықтар қазақ, орыс тіліндегі әндермен қоса, испан және француздық авторлардың туындыларын тарту етпек.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ