$498.51 €522.84 ₽4.81
×

2015 жыл ел экономикасына түбегейлі өзгерістер алып келді

AstanaTV
31.12.2015ж. 20:00
914
2015 жыл ел экономикасына түбегейлі өзгерістер алып келді

Бүгін қой жылының соңғы күні. Барша әлем жаңа мешін жылын қарсы алғалы отыр. Өтіп бара жатқан жыл жер-жаһанда, оның ішінде тәуелсіз Қазақстанда қандай айрықша оқиғаларымен есте қалды? Бүгінгі жаңалықтарымызда соны тарқата айтпақпыз.

Сонымен, 2015 жыл ел экономикасына түбегейлі өзгерістер алып келді. Ішкі-сыртқы тербелістер әсерінен төл теңгеміз нарықтың ырқына жығылды. Ұлттық банк ұлттық валютаны еркін айналымға жіберді. Мұнай мен металл бағасы құлдырап, шикізатқа байланған экономиканың есеңгіреп қалғаны рас. Қазақстан Үкіметі шұғыл түрде тығырықтан шығудың түрлі жолдарын қарастырды. Қисапсыз шығындарды қысқартудан бастап, ұлттық компанияларды бәсекелі ортаға беруге дейін шешім шығарылды. Жыл бойы елді елең еткізген экономикалық жаңалықтар туралы Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Құлдыраған мұнай, құны артқан көк қағаз. Қалтыраған теңге. Бейнелеп айтсақ, биыл экономикадағы шкалалар көз ілеспейтін шапшаңдықпен өзгеріп отырды. Елдің баққаны - теңгенің бағамы. Өйткені 20 тамызда Ұлттық банк бағамды қолмен реттеуден бас тартқан. Бұл жайтты, біріншіден, «Ұлттық қордағы ақша шақ келмейді», екіншіден, «бизнес бәсекеге қабілетсіз» деп түсіндірді. Ал сұраныс пен ұсыныс заңына бағынған теңгенің тағдыры туралы алыпқашты әңгіме көбейді. Әсіресе «ортақ валюта» жайлы. Қауесетті басуға Ақорда араласты. Президенттің баспасөз қызметі ресми түрде мәлімдеме жасады. Кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «ортақ валюта» тақырыбына нүкте қойды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір ол мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Одан еш қорқудың қажеті жоқ. Ол қорқатын мәселе тәуелсіздіктен айрылып қаламыз деген мәселе ғой. Еуразиялық одақта да біз оған ешқандай бағынбайтын боламыз. Тәуелсіздік күресіндегі ең басты құндылық - саяси тәуелсіздікті ешкімге беретін жағдайымыз жоқ. 

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жыл бойы өткен алқалы жиындарда жиырма жыл ішінде қоң жинап, жылтыр журналдардың бетінде жылтырап жүрген миллиардерлерді экономикаға үлес қосуға үндеді. Ірілі-ұсақты нысандар бәсекелі ортаға жаппай сатылып жатыр. Келесі жылы екі мыңға тарта мекеме мен түрлі ұйымдар мемлекет меншігінен шығарылады. Оларды «асырап сақтайтын» артық ақша жоқ. Әркім өз бетінше күн көріп, нарықта ойып тұрып орын алуы тиіс. Әйтпесе, жұтылып кетеді. Осы компанияларды сатып алып, жұмысын жүргізетін қалталылар керек. Оған қоса, құны 5 млрд доллардан кем түспейтін 65 компания сатылмақ. Мәселен, еліміздегі айналдырған үш мұнай өңдеу зауытының 51 пайыз акциясы жеке қолға беріледі. Құйқалы компанияларға қызығып отырғандар бар.

Александр Машкевич, ERG директорлар кеңесінің төрағасы:

Менің ойымша, бұл жекешелендіруді жүргізу өте дұрыс шешім. Бізді энергетика саласы, салмақты тау-кен саласы кәсіпорындарының активтері қызықтырады. Бұл науқанға, әрине, қатысамыз.

1,5 жыл бойы жабық есік жағдайында жұмыс істеген, дағдарыспен күрестің қыр-сырына қанық Мәсімовтың командасы да биыл журналистерге Үкімет үйінің есігін айқара ашты. 4-5 сағатқа созылған жиындар өткізіліп, дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдады. Үкімет бюджет шығындарын барынша қысқартып бағуда. Соңғы екі жылда 1,5 млрд теңге үнемделген. Алдағы жылы тағы да қатаң ревизия жүргізілмек. Ал мұнайдың бір баррелі 50 доллар есебімен бекітілген бюджет қайта қаралуы мүмкін. Өйткені қара алтын құны қазірдің өзінде 30 доллар төңірегінде.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Егер Brent маркалы мұнай баррелі 30 долларға түсіп кетсе, валюта нарығында жағдай қалай өрбиді, Ресей нарығы не болады, жалпы макроэконмикалық ахуал қалай болады? Біздің бюджетке оның әсері қандай болмақ? Осы мәселелерді ескере отырып, Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрілігіне Ұлттық банкпен бірігіп, алдағы жағдайды ескеріп, жаңа жоспар құру тапсырылды.

Тағы бір атап өтерлігі, президент  зейнетақы қорындағы қаражатты тұтынуға тиым салды. Ол ақшаны айналдыруға шет елдік және жеке компанияларды тартуды тапсырды. Дегенмен ол ақшадан дәмеленіп отырғандар жоқ емес. Бүгінде зейнетақы қорында 4,7 трлн теңге жинақталған. Ал Ұлттық қорда 97,8 млрд АҚШ валютасы бар. Оның 28,7 миллиарды Ұлттық банктің алтын валюта резерві.

Мөлдір Бақытқызы, тілші:

Мұның барлығы «қара алтынның» құны қымбат жылдары жиналған қор. Ол дәуренді көксей бермей, жаңа дәуір басталғанын мойындап, соған бейімделейік, деп дүние жүзі жар салуда. Экономиканың ендігі драйвері энергоресурстар емес, басқа салалар болмақ. Білім, ғылым, инновация, қызмет көрсету, агрария, тамақ пен жеңіл өнеркәсіп. Жалпы адамның миымен, қолымен іске асатын адами капиталға негізделген жаңа экономика құратын кез жетті. 


Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ