Қой жылында ел есінде қалатын
ерлік жасаған тұлғалар да болды. Ғылым, спорт және мәдениет саласында биіктерді
бағындырған жерлестеріміз қандай қошеметке де лайық. Қарапайым қазақстандықтар
арасында көзсіз ерлік жасаған адамдар да баршылық. Осы жылы елдің
сүйіспеншілігіне бөленіп, көптің көңілінен шыққан жандар туралы Ришат
Асқарбекұлы баяндайды.
Қазақтың мерейін асырған Айдын
Айымбетов қыркүйектің басында 3,5 ай дайындықтан соң аспан әлеміне жол тартты.
Он күндік сапарда халықаралық ғарыш стансасында ғылыми тәжірибелер жасаған
ғарышкер өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындады. Бұл ерлігі үшін Айдын
Айымбетов «Халық қаһарманы» атағын алды.
Мәдениет саласында да толайым
табыстар аз болмады. Ақтөбелік өнерпаз Димаш Құдайберген Белоруссияда өткен
«Славян базары - 2015» халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Бейбіт
күнде батырлық танытып, елдің атын шығарған қарапайым азаматтар да баршылық.
Әсіресе, алматылық Бахытқали Пірлепесов, Александр Шихилев пен оның ұлы Артемнің
ерлігі ерекше. Олар қомақты қаражат ұрлауға келген қарақшыларға қарсы тұрды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы
ІІД ресми өкілі:
Үш адамның екеуі полицияның
қоғамдық көмекшісі болуға ұсынысымызды қабылдады. Бұл биылғы жылдан бастап
қоғамдық көмекшілердің көмегімен біз 70-тен аса қылмыстың бетін ашқан болатынбыз.
Ол азаматтар 2 миллион теңгеге жуық соммаға марапатталды.
Қарашада алматылық оқушы
Могамедамин Килоев зейнеткердің әмиянын тартып алған адамның жолын кесті.
Жасөспірімнің ерлігі полиция мен әкімдік тарапынан ескерусіз қалмады.
Биыл Алматыда трамвайлардың
қатысумен бірнеше жол-көлік оқиғасы болды. Солардың бірінде тәуекелге бел буып,
жүйіткіген қоғамдық көлікті тоқтатқан ауғандық студенттің әрекеті сүйсінерлік.
Башарату хан Юсефи трамвайды тізгіндемегенде, адам шығыны болуы мүмкін еді.
«Оның әрекеті ерлікпен пара-пар», - дейді құқық қорғаушылар. Студент арнайы бағдарламамен медициналық
университетте білім алып жүр.
Башарату Хан Юсефи, студент
/Ауғанстан/:
Ішіне кіргенде аяғым жоғарыда
баса бердім, баса бердім, баса бердім, басқанда тоқтады. Тоқтаған кезде рычаг
бар екен, оны тарттым, артқа қарадым. Бірінші кезде қарап тарттым, ол ойнады,
артынан тоқтаттым. Тоқтатқан кезде бәрі
жылап құшақтады: «Балам, сен мені құтқардың», - деп. Мен айттым: «Құдай
құтқарды сіздерді, мен құтқармадым. Мен себеп болдым сізге», - деп.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Шығыс Қазақстанда, Павлодарда,
Атырау мен Қарағандыда адамдарды судан, өрттен құтқарған қарапайым жандар
ескерусіз қалмады. Сәуір айында Өскеменде өзенге құлаған 6 жасар баланы құтқару
үшін әйел адам өзі тұңғиыққа батып кеткен. «Шешек» асуы маңындағы оқиғаны
жергілікті жұрт әлі айтып жүр», - дейді құтқарушылар. Бұлар - адам жанына араша
болған қатардағы адамдардың бір парасы ғана.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ