Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

2015 жылы қазақ халқы бірқатар танымал азаматтардан айрылды

AstanaTV
31.12.2015ж. 20:00
1215
2015 жылы қазақ халқы бірқатар танымал азаматтардан айрылды

2015 жылы қазақ халқы бірқатар танымал азаматтардан айрылды. Ел Әбіш Кекілбаевтай абызын жоғалтып, қара жамылды. Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан, түрлі  лауазымды қызметтер атқарған ақсақал 76 жасында Астанада көз жұмды. Ал қазанның қарасуық күндерінің бірінде мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев 68 жасына қараған шағында қайтпас сапарға аттанды. Қазақ елі наурызда тағы бір азаматын жоғалтты. «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров дүниеден озды. Қой жылы жоғалтқан асылдарымыз жайлы келесі бейнематериалда.

Біз соғыс тұсын көрген ұрпақпыз, біз ұшақтан қатты қорқушы едік. Ұшақ келе жатыр дегенде бауырына бомбасын құшақтап, әзірейлдің өзі түсіп келе жатқандай қорқатынбыз. 

Бұл сөздерді Әбіш аға қайтыс боларынан бір күн бұрын сенат мінберінен айтқан. Депутат, армия генералы Мұхтар Алтынбаевты мерейтойымен құттықтай келді. Өзі көңілді, тың, сергек болды. Ал ертесіне оның өмірден озғаны жайлы суық хабар тарады. Әбіш Кекілбаевты мәңгілік мекеніне аттандыруға үзеңгілестері бірі қалмай ағылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев та қаралы отбасына көңіл айтып шықты. Кекілбаевтың ел тәуелсіздік алғаннан кейінгі өмірі үлкен саясатпен тығыз байланысты. 6 жыл Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты болды. Дара тұлғаға мәңгілік өмір сыйлайтын оның қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз еңбегі.

Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы \11.12.2015 \:

Кез келген шығармасын оқыңызшы, әр жағында бір тарихтың елесі тұрады. Тарихты терең білетіндігі көрініп тұрады, тарихты білмеген шығарманың өзі терең тамырлы болмайды ғой. Әбекеңнің басқа жазушылардан ерекшілгі де өзі осы еді.

Қазанда еліміз тағы бір азаматын жер қойнына тапсырды. Белгілі мұнайшы, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев ақтық сапарға аттанды. Ол 68 жасқа қараған шағында қатерлі ісіктен көз жұмды. Қаралы жиынға ағылған халықта есеп болмады. Қазаға көңіл айуға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бастаған белгілі саясаткерлер Атырауға барды.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Нұрлан Өтепұлының өмір жолы бәрімізге үлгі. Сондықтан ауыр қайғы біздің жанымызға ерекше батып отыр. Мен жеке өзімнің және бүкіл үкімет мүшелері атынан марқұмның отбасына, туған-туысқанына қайғырып көңіл айтамын.

Ал наурызда Бейжіңнен қаралы хабар жетті. «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров Қытай астанасында жүрек талмасынан қайтыс болған. Ұлттық компания жетекшісі 30 наурызда 45 жасқа толатын еді.  «Қазақойл» ұлттық компаниясын 28 жасында басқарған ол, тәуелсіз Қазақстан тарихында ең жас топ-менеджер ретінде қалды.

Сәуірдің соңын ала тағы бір қаралы хабар Мәскеуден жетті. Соңғы кездері Ресей астанасында тұрып, шығармашылықпен айналысқан әйгілі әнші, сазгер Батырхан Шүкенов жүрек талмасынан көз жұмған. Оның қазасы қоғамды дүр сілкіндірді. Батырдың музыка әлеміндегі әрбір баспалдағына куә болған қазақ эстардасының майталмандары да қайғыдан есеңгіреп қалды.

Роза Рымбаева, Қазақстан Халық әртісі:

Өкінішке орай, бүгінгі күн - қазақ музыкасы үшін, қазақ өнері үшін орны толмайтын қайғы. Батырхан бауырым менің жүрегімде мәңгілік қалады.

Қазақ өнерінің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан азаматтың  әріптестері оның мамыр айында Астана мен Алматыда жеке концерт беруді жоспарлап жүргенін айтты. Тек Батырхан ол арманын жүзеге асыра алмай кетті.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ