$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Қазақстандық автоөнеркәсіп өткізу нарығын кеңейтуге ниетті

AstanaTV
02.12.2015ж. 20:00
1173
Қазақстандық автоөнеркәсіп өткізу нарығын кеңейтуге ниетті

Қазақстандық автоөнеркәсіп өткізу нарығын кеңейтуге ниетті. Машина жасау саласындағы тың жоспарлар туралы біздің арнаға арнайы сұхбат берген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айтып берді.

Аймақта жылына 120 мың автокөлік құрастыратын «Азия Авто Қазақстан» зауытының құрылысы басталғаны мәлім. Қазақстан-Ресей бірлескен зауыты 2017 жылы іске қосылады деген жоспар бар. 60 мың темір тұлпар отандық нарықта қалады, қалған көліктерді экспорттау аумағын кеңейту жоспарланып отыр.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қазіргі және болашақтағы автомобиль паркі нарығы барынша тиімді болу үшін, жақын арада 4 елге  сапарламақпыз. Олар: Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан мен Грузия. Бұл өте маңызды. Сондықтан осы сала бойынша қарқынды жұмыс атқарудамыз. Бұл ретте үкіметтің көмегі мол. Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің тапсырмасы бар, біз оны жүзеге асырудамыз.

Жаңа зауыт аумағында құрылыс қалашығы, бетонды ерітетін торап, әкімшілік және қойма ғимараттары бой көтерген. «Бипэк Авто» компаниясы құрылысқа 10 миллиард теңгеден астам қаржы салған.

Мемлекеттен жасалатын қайтарымсыз қаржыландыру қажетті инфрақұрылым жобасымен қамтамасыз етпек. Бұл - Президент Жолдауында айтылған, мемлекет пен жеке серіктестік арасындағы әріптестіктің  үлгісі. Бұл жағдайда кәсіпорын жұмыс қарқынын күшейтеді, ал мемлекет үшін 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Коммуникациялық желілердің құрылысына республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 2016 жылдың аяғына дейін 4 миллиард 100 миллион теңге бөлінеді. Алғашқы транш келіп жетті,- дейді компания басшылары.

Вера Сухорукова, «Бипэк Авто-Азия Авто» компаниялар тобы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары:

Мемлекет «Жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша  коммуникация желісіне ақша бөледі. Қазіргі таңда 2 миллиард 250 миллион теңгедей  бөлінді.  Және автокөлік жолы, электрмен жабдықтау жүйесінің құрылысы басталды. Кәріз суы құбыры, жылумен жабдықтау қосымша стансалары салынады. Темір жол тартылып, жабдықтаудан өтеді. Мұның бәрі мемлекет пен жеке серіктестік жұмысының аясында жүзеге асады. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ