Президент
өз жолдауында 2017 жылдан бастап жаңа жоба - «Баршаға арналған тегін
кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы - басталатынын жариялаған еді. Яғни
болашақта техникалық мамандықтарға бөлінетін оқу гранттары көбейеді.
Талапкерлер мемлекеттік колледждермен бірге, жеке меншік арнайы-орта оқу
орындарында да тегін білім алады. Бүгінде елдің индустриалдық орталықтарында
құрылысшылар мен электр мамандары, дәнекерлеуші мен автомеханиктер тапшы. Осы
ретте мемлекет басшысы жариялаған тың бастама талай жастың үмітін оятты.
4
балалы отбасы жатақхананың аядай бөлмесінде өмір сүріп келеді. Отағасы - жүргізуші, анасы үй шаруасында. Баланың үлкені - Татьяна. Сегізінші сыныпта оқитын
ол компьютер маманы болуды армандайды. Мемлекет басшысының 2017 жылдан бастап
кәсіптік-техникалық білім тегін болады деген жаңалығы, отбасын қуанышқа бөлеген.
Жанна
Хандога, көп балалы ана:
Біз
отағасының табысы мен 4 балаға алатын 8200 теңге жәрдемақыға күн көреміз.
Қызымды қалай оқытамын деп ойлаушы ем. Бұл жаңалық бізге үміт отын жақты.
Қарағанды
облысында 43 арнайы орта оқу орны кәсіби-техникалық мамандықтарды ақылы түрде
оқытады. Бағасы 130 - 150 мың теңге
аралығында. Елбасының бастамасын жеке
меншік колледж басшылары да құптап отыр.
Мүбәрәк
Хасенов, Қарағанды политехникалық колледжі директорының орынбасары:
Гранттардың
мөлшері шектеулі. Бәрі грантқа қол жеткізе алмайды. Көбі біздің колледжіге
жұмысшы мамандығына келе алмайды. Ал тегін болатын болса, мемлекет мұндай
механизмдерді қарастыратын болса, әрине, біз құшақ жайып тағы да қосымша
жұмысшы мамандықтарына алушы едік.
Гүлбақыт
Жүнісова, Қарағанды облыстық білім басқармасының бөлім меңгерушісі:
Бізде орта буын мамандығы бұрынғы дәстүр
бойынша ақылы білім беру негізі де, мемлекеттік тапсырыс негізінде де білім
беру сол күйінде жалғасады. Ал жұмысшы мамандықтары бойынша тек қана тегін
білім, мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылады.
Бүгінде
электр мамандары, дәнекерлеуші, құрылысшы, автомеханик, аспаз, шаштараз,
тау-кен саласы жұмыскерлеріне сұраныс көп. Жаңа кәсіпорындар мен инновациялық
жобалар үшін олар ауадай қажет Тек
Қарағанды облысында 1500 жұмыс орны бос тұр.
Марат
Миргаязов, «Қорғау» кеншілер кәсіподақ ұйымының төрағасы:
Біз
бұрынғы кәсіби мамандардан айырылдық. Жастар өндіріске аз келеді. Келген күнде
бірден жұмысқа араласа алмайды. 2017 жылдан бастап бұрын жіберіп алған
мүмкіндікке қайта қол жеткіземіз.
Жұмыссыз
жүрген азаматтар «Жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы жұмысқа
орналастырылады. 2016 жылы аймақтың орта оқу орындарында салааралық ресурс
орталығы ашылмақ. Онда өндірістік тәжірибеден өткен мамандар жұмыс берушілерге
ұсынылады.
Айжан ҚУАШ