Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

2020 жылға қарай облыс орталықтары мен қалалардағы емханалар жекенің қолына өтуі мүмкін

AstanaTV
20.11.2015ж. 20:00
991
2020 жылға қарай облыс орталықтары мен қалалардағы емханалар жекенің қолына өтуі мүмкін

2020 жылға қарай облыс орталықтары мен қалалардағы емханалар жекенің қолына өтуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі хабарлады. Сенатқа келген Тамара Дүйсенова «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының нәтижесімен бөлісті. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстырды. Министрдің айтуынша, емдеу мекемелері бәсекелі ортаға бірден өтпейді, алдымен сенімгерлік арқылы тапсырылады. Егер кәсіпкер қызмет көрсету сапасын арттырса, 5 жылдан соң сатып алу мүмкіндігі берілмек. Бұл жағдай медициналық қызметтің ақысына әсер етпейді, деп сендірді министр.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Жеке меншік азамат алатын болса да, мемлекеттік мекеме болып қалса да, көмек жан басындағы нормативпен беріледі. Ал енді стационарларда тариф әр түрлі. Сондықтан біз стационарлардағы тарифті қажетті деңгейге жеткізгеннен кейін 2020 жылдан кейін ғана қарастырамыз деп отырмыз.

Сенат төрағасы дәрі-дәрмектердің сапасына қатысты шағымдардың көп түсетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, дәріханаларда контрафактілік өнімдер жетіп артылады. Ал мемлекет тарапынан реттеу байқалмайды. Дәрігерлердің науқасты қараудың орнына, қағаз толтырып, бас көтере алмай отыратыны да саланың дамуына кері әсер етуде. Сенат төрағасының бұл сынына орай, министр 2018 жылы қағазбастылықтан біржола құтыламыз деп сендірді. Медицина саласын білімі төмен түлектердің жаулап алғаны да төрағаның сынына ұшырады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Елде медициналық мамандарды даярлау жұмыстары мәз емес. Оны мойындау керек. Жыл сайын ауруханаларды жоғарғы оқу орнын тәмамдап шықса да, дайындығы жоқ жүздеген түлек толтырып жатыр. Оларда біліктілік жетіспейді. Сондықтан ұлттық денсаулық сақтау жүйесі ақсап тұр. Ал  білікті мамандарға мемлекет көңіл бөліп отырған жоқ. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ