Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

11 қаңтардан бастап Алматыдағы қоғамдық көліктің барлық түрі толығымен электронды билет сату жүйесіне көшеді

AstanaTV
23.11.2015ж. 20:00
1315
11 қаңтардан бастап Алматыдағы қоғамдық көліктің барлық түрі толығымен электронды билет сату жүйесіне көшеді

Жаңа жылдан бастап, нақтырақ айтсақ, 11 қаңтардан Алматыдағы барлық қоғамдық көліктер электронды билет жүйесіне көшеді. Бұл туралы бүгін қалалық "Көлік холдингі" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бақылау кеңесінің мүшесі Рифат Әбдіраманов айтты.

Қазіргі уақытта қаладағы қоғамдық көліктің барлық түріне электронды терминалдар орнатылды. 11 қаңтардан бастап жолаушылар жол жүру ақысын тек «Оңай» картасымен төлейді. Қоғамдық көліктердің бағытында 370 бақылаушы жұмыс істейді. Олар жол ақысын төлемеген жолаушыларды анықтамақ.

Аз қорғалған әлеуметтік топтарға жататын мектеп оқушылары, студенттер мен зейнеткерлерге қазіргі уақытта 188 мың карточка тегін таратылды. Сондай-ақ, қазақ соқырлар қоғамының өтініші бойынша «Брайль» шрифті бар арнайы карточкалар дайындалған. Сонымен қатар бұған дейін карточкаға ақша салу үшін жолаушы 19 цифрді теру керек болса, бұдан былай тек соңғы 8 санды терсе жеткілікті. Айта кетейік, жаңа жүйе көлеңкелі айналымдағы қаражатқа шектеу қоюды көздеп отыр.

Рифат Әбдіраманов, Алматы қаласы "Көлік холдингі" ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі:

Осы нарықтың деңгейін байқау үшін бізге әрбір жолаушы маңызды. Күніне қанша жолаушы жүреді, одан түсетін пайда қандай? Мұның барлығын біз тек электронды жүйе арқылы біле аламыз. Сараптамалық жұмыс арқылы жолаушылар тасымалын жақсартуға мүмкіндік аламыз. Дегенмен, жаңа жүйенің мүлтіксіз жұмыс жасауына бір жылдай уақыт керек.    

Самат ҚАНАҒАТОВ