Оңтүстік
Қазақстан облысында дүлей дауылдан келген шығын мөлшері белгілі болды. Алдын ала болжам бойынша, Отырар мен Түркістан
қаласына 87 млн теңгеден аса зиян келген. Бұл мәліметті бүгін аймақтағы төтенше
жағдайлар департаментінің бастығы Александр Путейко айтты. Әсіресе, Отырар
ауданы ең көп шығын шеккен. Онда 650 тұрғын үй мен 20 әлеуметтік нысанға зақым
келген. 15 отбасының баспанасы 80 пайыз жарамсыз болып қалса, 47 үйдің 50
пайызы қалпына келтіруді қажет етеді. Қазір аймақта арнайы құрылған комиссия
жұмыс істеп жатыр. Шығын көлемі әлі артуы мүмкін, дейді сала жауаптылары.
Марғұлан
Марайым, ОҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының
басшысы:
Комиссия
әр меншік бойынша жеке-жеке есептеу жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі айтып отырған
көлеміміз 75-76 млн - болжамды шығынның көлемі. Оның ішінде 50-51 млн теңгесі жеке секторға жеке азаматтардың
үйлеріне, 25-26 млн теңгесі бұл
мемлекеттік коммуналдық меншіктегі әкімшілік және әлеуметтік нысандарға келтірілген шығындар.
Сондай-ақ,
Түркістан қаласына қарайтын екі бірдей мектептің шатыры жарамсыз болып
қалған. Олардың шығыны 12 млн теңгенің үстінде
деп болжанып отыр. Айта кетейік, табиғи апат келтірген шығындар мемлекет
есебінен өндіріледі. Екі ауданда жергілікті сипаттағы төтенше жағдай
жарияланған.
Еске салайық, Оңтүстік Қазақстанға қарасты үш бірдей ауданға 14 маусым күні болған дауыл шатырларды ұшырып, электр
бағаналарына дейін құлатып кеткен болатын. Қазір электр энергиясы толықтай
қалпына келтірілді, деп мәлімдеді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық басқармасының басшысы.