$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Нұрсұлтан Назарбаев: Жалпыға бірдей қаражат үнемдеуді енгізу қажет

AstanaTV
03.08.2015ж. 20:00
1133
Нұрсұлтан Назарбаев: Жалпыға бірдей қаражат үнемдеуді енгізу қажет

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада Премьер-министр мен Президент Әкімшілігі басшыларының және олардың орынбасарларының, сондай-ақ министрлер кабинетінің бірқатар мүшелерінің қатысуымен кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Жиында  ел экономикасының қазіргі ахуалы, оны әрі қарай дамыту шаралары, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, алдағы мерейтойлық даталарға - Қазақ хандығының 550 жылдығына, Конституцияның 20 жылдығына және басқа да халықаралық шараларға  дайындық мәселелері пысықталды. Мемлекет басшысы мәжіліске қатысушылардың назарын әлемдік экономикадағы тұрақсыздықтың Қазақстанға тигізетін теріс ықпалына аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Нарықтағы конъюктураның нашарлауына, ел бюджетінің ахуалына, сондай-ақ  біздің негізгі экспорттық тауарларымызға деген бағаның төмендеуіне байланысты, жалпыға бірдей қаражат үнемдеуді енгізу қажет. Бұл шараларды келесі жылдың бюджетінде де ескерген жөн. Ешқандай қиындыққа қарамастан, біз экономикалық өсімнің қарқынын төмендетуге және азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын нашарлатуға жол бермеуге тиіспіз. Халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау керек. Біз осы бір күрделі кезеңді еңсеруге міндеттіміз.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ