$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Мемлекеттік оқу грантының иегерлерi осы аптада белгiлi болады

AstanaTV
05.08.2015ж. 20:00
2000
Мемлекеттік оқу грантының иегерлерi осы аптада белгiлi болады

Мемлекеттік оқу грантына ие болатын талапкерлер осы аптада белгiлi болады. Бұл туралы Білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссияның отырысында министр Аслан Сәрiнжiпов мәлiмдеді.

Биыл мемлекет тарапынан барлығы 32 168 грант бөлiнген. Министрдің айтуынша, оның 78 пайызы қазақ бөлiмдерiне, 22 пайызы орыс тiлi бөлiмдерiне беріледі. Күндізгі оқу бөліміне қаралған гранттар саны 29 168, сырттай бөлімге тиесілі гранттар саны - 500. Екі жарым мыңнан астам мемлекеттік грант жоғарғы оқу орындарындағы дайындық бөлімдеріне берілмек. «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» жобасы шеңберінде квота бойынша 5 мың оқу гранты тағайындалған.

Сонымен қатар, биыл 6 500 адам магистратураны тегін оқуға мүмкіндік алады. Аслан Сәрінжіповтің атап өткеніндей, Білім гранттарын орналастыру құқығы 112 жоғарғы оқу орнының тек алпысына ғана бұйырған.

Аслан Сәрiнжiпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Биыл мемлекет тарапынан бiз 32 мың грант бөлемiз. Оның iшiнде техникалық мамандарға арналған 12,5 мың грант, педагогикалық мамандықтарға - 6 мың грант, ауыл шаруашылық мамандықтарына 2,5 мың грант қарастырылады. Өздерiңiз бiлетiндей, биыл Ұлттық бiрыңғай тестiлеу жоғары деңгейде өткiзiлдi. Нәтижелерi былтырғы жылғымен салыстырғанда жоғары. Сондықтан биыл конкурсқа қатысатындардың саны 67 мыңға жеттi.

Қазір  талапкерлер ерекше ынта білдірген мамандықтар тізімі анықталды. Олардың көшін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бастап тұр. Мұнда бір мемлекеттік грантқа ие болу үшін  32 адам байқауға қатысуда. «Тіс дәрігері» мамандығы бойынша бір орынға 18 адамнан. Білім грантына ие болуы өте қиын мамандықтар қатарында қаржыгерлік те бар. Онда бір орынға 15 адамнан таласуда. «Заңгер» мамандығын мемлекет есебінен тегін оқу үшін бір орынға 14 бала бақ сынайды. Десек те,  төмен сұранысқа ие мамандықтар да бар. Олардың қатарына, «Полиграфия», «Физика және астрономия» «Механика» мамандықтары жатады. Білім гранты иегерлерінің тізімі 11 тамыз күні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.