$496.41 €542.77 ₽6.05
×

Халықаралық бағдаршам күніне орай Петропавлдағы балабақшалардың бірінде жол қозғалысын көрсететін интерактивті қалашық пайда болды

AstanaTV
05.08.2015ж. 20:00
3139
Халықаралық бағдаршам күніне орай Петропавлдағы балабақшалардың бірінде жол қозғалысын көрсететін интерактивті қалашық пайда болды

5 тамыз - Халықаралық бағдаршам күні. Осыған орай Петропавлдағы балабақшалардың бірінде  жол қозғалысын көрсетіп тұратын интерактивті қалашықтың тұсауы кесілді. Бұл жобаның артықшылығы - істен шыққан құрылғылар алынып, адамдар оларға екінші өмір сыйлады. Тілшіміз бөбектердің жол қозғалысы ережесімен қалай танысқанына куә болып қайтқан еді.

Ең алғашқы бағдаршам 100 жылдан астам уақыт бұрын  пайда болды. Ол кезде тек қызыл және жасыл түстер қолданылған.  Ал кейінірек қозғалысты  реттеуге үш түсті бағдаршам қосылды. Барлығымызға жақсы таныс мұндай бағдаршам тек қала көшелерінде ғана емес, темір жол  және кеме  қатынасында да қолданылады. Бөбектер жақынырақ танысу үшін балабақша  аумағына  көлік және  жаяу жүргіншілерге арналған қос бірдей  бағдаршам қойылған.

Мәдина Дарбаева , «Алтын бесік» балабақшасының директоры:

Біздің бағдаршамдардың жұмыс істеу мерзімі әлдеқашан өткен. Ал ата-аналар  оларды жөндеуге көмектесті. Осылайша, барлығымыз жұмыла жүріп, жол жүру ережесін үйрететін интерактивті қалашық орнаттық.

Балабақша ұжымының бастамасын  полицейлер де  бірден қолдады. Олардың пікірінше,  жол жүру ережесін балаларға жастай үйрету маңызды. Өйткені статистикалық деректер бойынша, сәбилердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары артып барады.

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы:

Бұл - балалар үшін өте қажет. Оның үстіне жол жүру ережесін білу - өмірдің талабы.  Өткен  7 айда  СҚО аумағында кішкентайлардың қатысуымен 25 жол-көлік оқиғасы болып, 2 бала қаза тапты, 25 бала түрлі дәрежеде жарақат алды.

Қалашықта бәрі шын өмірдегідей - жол белгілері, автожолдағы сызбалар,  және бағдаршамдар бар. Тек бір айырмашылығы - бұл жерде жол-көлік апаты мүлде болмайды. Өйткені ешкім жол ережесін бұзбайды.

Міне, осылай тақпақ айтып, ән шырқап, би билеген  балақайлар күнделікті  өмірде аса  қажетті ережелермен танысуда. Бөбектер, төменгі топтан бастап, бірі қалмай, интерактивті оқытуға қатысты.

Динара Мұхатаева, ата-ана:

Ата-ана ретінде өте қуаныштымын, баланы үлкендердің көмегімен бағдаршамның тек қызыл түсі жанғанда өтуі қажет екенін үйретуге тиіспіз.

Бұл қалашық жаз бойы жұмыс істейтін болады. Ал күзде ұстаздар ұжымы тәрбиеленушілеріне электрондық ойын қондырғысы түріндегі құрылғыны сыйға тартуды жоспарлап отыр. Оның көмегімен балалар жол жүру ережесінен бөлек темір жолдағы қозғалысты да  үйренеді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ