Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Астана автобустарында бір айда миллионнан астам жолаушы WI-FI пайдаланған

AstanaTV
06.08.2015ж. 20:00
1725
Астана автобустарында бір айда миллионнан астам жолаушы WI-FI пайдаланған

Астана автобустарында бір айда 1 миллионнан астам жолаушы WI-FI пайдаланған. Бұл туралы «Астана LRT»  серіктестігінің баспасөз хатшысы Айгүл Жамалова хабарлады.

Жаңа жоба жүзеге асқалы бергі 30 күнде интернетті пайдаланғандар саны 1 миллион 26 мың адамды құраған. Орташа алғанда бір автобуста тәулігіне 114 пайдаланушыдан келіп отыр. Өткен айда жолаушылар шамамен 2 500-ден астам Гигабайт трафикті қолданыпты. Шартты түрде есептегенде, бұл бір адамға екі жарым Мегабайттан келеді.

Жүргізілген сараптама жұмыстары көрсеткендей, Астана тұрғындары әуен тыңдауға, хабарламалар алмасуға және әлеуметтік желілер арқылы достарымен байланысуға әуес көрінеді. Десе де, жоба авторлары WI-FI желісін пайдалану барысында келеңсіз жағдайлар кездескенін жасырмайды.

Айгүл Жамалова, «Астана LRT» ЖШС баспасөз хатшысы:

Техникалық тұрғыдан қарайтын болсақ, бірнеше ақаулықтар байқалды, жоба пилоттық режімде енгізілген және оны сынау жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы уақытта да бұл жоба жалғасын табады, ал біз оның жоғары сапада болуын қадағалап, нәтижелері жайында  ақпараттандырып отырамыз.

Еске сала кетейік, Астанада алғаш рет "WI-FI Bus Astana" пилоттық жобасы бірінші шілдеде іске қосылған. Осының аясында жолаушыларды тасымалдайтын автобустар арнайы роутерлермен жабдықталды. Қазіргі күні қала бойынша 550 автобуста тегін интернет желісі таратылады. WI-FI желісі бар әр автобустың ішінде арнайы белгі қойылған. Жоба авторлары оған қосылу өте оңай деп отыр. Жолаушылар ешқандай құпия сөзсіз қалаған желілеріне кіре алады. Бұл жаңа жоба жайында жолаушылардың не ойлайтынын біліп көрдік.

Қолданбаймын. Қазір барлығы интернеттІң ыңғайлы түрін алып алған ғой тарифпен. Бірақ қолданатындарды көрем.

Өзгеріс бар. Көбінесе жастар қолданады.

Третий автобус. Тоже не ловит.

Берік ХАСЕНОВ