Керекуде
12 жасар жеткіншек қонақ үйдің үшінші қабатынан құлап, түрлі жарақаттармен
жансақтау бөлімінде жатыр. Ол - шаңғыроллер спорты бойынша Қазақстан
чемпионатына қатысуға Щучинск қаласынан келген Валерий Черепов. Баланы
жаттықтырушысы тамыздың 7-сі күні түнгі сағат 11-лер шамасында қонақ үйдің кіре
берісіндегі шатыр төбесінен тауып алған. Куәгерлердің айтуынша, жеткіншек
адамдарды көмекке шақырып, құтқаруды сұрапты.
Дәрігерлердің соңғы ақпарына
сәйкес, баланың жағдайы бір қалыпты. Жасанды тыныс алу аппаратынан ағытылған.
Бірақ емдеу шараларының қанша уақытқа созылатынын, спортшының қашан сауығып
қатарға қосыларын, дәрігерлер де дөп басып айта алмай отыр.
Анықталғандай, бұл
жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер
жас спортшының өз өзіне қол жұмсауы мүмкін екендігі туралы болжамды алға
тартуда. Алайда, баланың анасы мұнымен келіспейді.
Жанар
Әбілқайырова,
Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі:
Павлодар облысының балалар
ауруханасына Щучье қаласының 12 жасар
кәмелетке толмаған бала жеткізілген болатын. Ол қонақ үйдің 3-ші қабатынан
құлап кеткен. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөліміне
сәйкес өзіне өзі қол жұмсау бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Наталья
Стаценко,
В.Череповтың анасы:
Оқиға орнына бардық. Табылған
жерді де көрдік. Ұлдар жатқан бөлменің
терезесінің жанында балкон бар екен, бәлкім, соған шықты ма. Жауын жауып тұрыпты.
Аяғы тайып, құлауы мүмкін деп те ойлаймыз. Бірақ біреу әдейі итерді дегенге
сенбейміз. Ол мүмкін емес.
Әсемгүл
МҰХИТҚЫЗЫ