$519.29 €613.28 ₽6.62
×

Доллардың құны қайта шарықтады

AstanaTV
19.08.2015ж. 20:00
2415
Доллардың құны қайта шарықтады

Доллар жаңа курспен сатылуда. Бүгін айырбас пункттері де, бірқатар банктер де АҚШ валютасының құнын 198 теңгеге дейін өсіріп жіберді. Бұл жағдай республика бойынша таңертеңгі сағат оннан кейін байқала бастаған. Валюта айырбастау орындарының кейбірі тіпті доллар сатуды доғарды. Ал сарапшылар биржадағы ахуал тұрақты дегенді айтады. Елдегі бұл жағдай ресми түрде «теңгенің девальвациялануы» деп атауға келмейді. Берік Хасенов тарқатады.

Түске дейін айырбас пункттеріндегі жағдай сан құбылды. Соңынан тіпті кішігірім дүрлігу де байқалды. Кейбір айырбас пункттері долларды саудалауды тоқтатқан, ал кейбірінің баға мәселесінде белгілі бір межеде тұрақтай алмағаны көзге ұрып тұрды. Себебі көк қағаздың құны минут сайын бір шарықтап, бір түсіп, құбыла берді. Салдарынан  айырбас пункттерінің арасында доллар сұрап сандалғандардың қарасы мол.

Еске салайық, Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов 15 шілдеде валюта дәлізінің 198 теңгеге дейін кеңейтілгені туралы хабарлаған. Сонымен қатар валюталық саясаттың өзгермейтінін де атап өткен еді. Бұл қадам инфляцияны бақылауда ұстау үшін жасалғанын айта келе, жаңа дәліз елдегі валюта саясатын сақтай отырып, ұзақ уақыт қызмет етеді, деп сендіргісі келген еді. «Бұл дәліз Қазақстанға қатысты қандай да бір жағдайлардың орын алғанына қарамастан, доллар құнының осы шеңберде құбылып тұруына мүмкіндік береді. Мұнай бағасында өзгерістер болса да, қазіргі саясат өзгермейді», - деп салғаны есте.

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы (15.07.2015 ж.түсірілім):

Бірінші жартыжылдықта доллар 2,5 пайызға өскен. Бұл жарты жылда болған өсім. Сондықтан бүгінде доллар 187 теңгені құраса, айтарлықтай өзгеріс болмайды. Сұранысты арттырудың ешбір қисынын көріп отырғанымыз жоқ. Жақын арада бүгінгі бағам қала береді. Біздің кеңейтілген дәлізге келетін болсақ, ол бірден орнамайды. Алдағы тоқсанда болады деп ойлап отырмыз.

Сонымен, Келімбетов айтқан алдағы тоқсан келмей жатып-ақ банктер «көк қағаз» құнын шарықтатып үлгерді. Ал күні кеше Қайрат Келімбетов Елбасының қабылдауында болып, жылдың алғашқы алты айында инфляция 1,4 пайызға тең болғанын, жылдық инфляция 3,9 пайызды құрағанын айтып, ағынан жарылған еді. Алайда, доллар тақырыбын айналып өткен  бас банкир бұл жайында жұмған аузын ашпаған. Бүгінгі жағдайдың өзгеріп шыға келуіне, әлбетте, адамдар түсінбей дал.

Но обещали не так быстро, который раз обманывают людей.

Курс көтерілсе, жылжымайтын мүлік түседі. Доллардың көбейгені халыққа пайдалы

Официальные источники говорят, делвальвации не будет, но опять девальвация.

Менің ойымша, экономиканы төмендетеді, теңгеміз құнсызданып, өмір сүру қиынырақ болады.

Доллардың қымбаттауына қатысты сарапшылар әртүрлі пікір айтуда.Қазақстанның қазынасы шикізатқа, оның ішінде қара алтын саудасына тікелей байланысты екені белгілі. Ал, мұнай құны көңіл көншітерлік деңгейде емес. Қазірдің өзінде Brent маркілі мұнайдың бір баррельі - 48 долларға дейін төмендеген. Енді мұның арты неге апарып соғарын дөп басып ешкім де айта алмайды. Экономист Мағбат Спановтың пікірі «мұның халыққа  пайдасы шамалы» дегенге саяды.

Мағбат Спанов, экономист:

Формально мы не можем называть что это  девальвация...  Біз бұл жағдайды девальвация деп атай алмаймыз. Бұл - жасырын девальвация, ал оның арты инфляцияға алып келуі ықтимал. Доллардың қымбаттауы  мұнай, газ, түсті металл экспорттайтын ірі кәсіпкерлерге және коммуналдық қызмет ұсынатын кәсіпорындарға тиімді болмақ. Өз тарифтерін көтеруі үшін. Ал, халыққа  пайдасы шамалы. Керісінше бұл жағдай күнделікті қажет тауарлардың қымбаттауына алып келеді.

Банктер доллар құнын қымбаттатып үглермей жатып, Өскемендегі кейбір дүкендер  тұрмыстық техника мен өзге де тауарлардың бағасын көтеруді бастады. Сатылымдағы заттар құнының көрсеткішін бүгін ауыстырып үлгермегендер, ертеңнен бастап тауарларды басқа бағамен сататынын ашық айтып отыр. Яғни, тұтынушыға арналған тауарлар құны шамамен 5-7 пайызға жоғары болмақ.

Евгений Гаврилов, компьютерлік техника дүкенінің менеджері:

Әрине, тауар бағасы құбылмалы болады. Біз тауарларымызды шетелден доллармен аламыз. Сондықтан, барлығын жіті бақылап, жаңа бағаларды қоятын боламыз. Ең кем дегенде заттар 5-7 пайызға қымбаттайды.

Енді теңгенің долларға қатысты жаңа дәлізі белгілене ме? Жалпы "көк қағаздың" құнына қатысты тағы қандай тосын жәйттер күтіп тұр? Бұл сұрақтардың жауабы ертең белгілі болады деген болжам бар.. Өйткені,  министрлер кабинеті мүшелерінің және Ұлттық банк басшының қатысуымен өтетін ауқымды баспасөз мәслихаты ертеңгі күнге жоспарланған.

Берік ХАСЕНОВ, Самат ҚАНАҒАТОВ, Ирина ЯКУНИНА