Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Шымкентте әкімдік өкілдері бағаны бұрынғы қалпында ұстап тұрудың жолдарын қарастырды

AstanaTV
20.08.2015ж. 20:00
1179
Шымкентте әкімдік өкілдері бағаны бұрынғы қалпында ұстап тұрудың жолдарын қарастырды

«Бағаның бетімен кетуіне жол берілмейді». Шымкентте әкімдік өкілдері бағаны бұрынғы қалпында ұстап тұрудың жолдарын қарастырып жатыр. Қала билігі осы мақсатта арнайы штаб құрылғанын мәлімдеді. Басты назар әсіресе халық күнделікті тұтынатын тауарларға, азық-түлік өнімдері құнының қалыптан аспауына аударылмақ.

Ғабидулла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі:

Біз бірінші кезекте азық-түлік пен қызметтердің бағасын қалыпты жағдайда ұстауымыз керек. Қазір қала әкімдігі мен тиісті органдардың алдына бірнеше міндеттер қойылады. Біріншіден, бүгін біз әкімшілік өкімімен штаб құрдық. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз өсіруге тосқауыл қою қажет. Бұл ретте табиғи монополияларға қарсы орган тарапынан және қала әкімдігі жанынан құрылған штатпен аудан әкімдері бақылауды күшейту керек.

Шымкент әкімі Ғабидулла Әбдірахымов баға саясатына қатысты мәселені көтерген алғашқы жиынында базарлар мен сауда орындарының басшыларын жинады. Сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілермен де кездесті. Бірінші кезекте азық-түлік, жанар-жағар май, дәрі-дәрмек бағасының бетімен кетпеуін қадап айтты. Кәсіп иелері валюта бағамының еркін айналымға шығуы бәрінен бұрын отандық тауар өндірушілерге тиімді боларына сенімді. Олар әкімдік өкілдерінен коммуналдық төлемдерді өсіруге жол бермеу жағын қадағалауды сұрады.

Жиын барысында белгілі болғандай, қоғамдық көліктерде жүру ақысы да өзгермейді. Бірқатар кәсіпкерлер өз тауарының нарқын бұрынғыша сақтайтындарын жеткізді. Осы ретте базарлар қауымдастығының төрағасы Шымкенттегі азық-түлік тауарларын сататын бірнеше базардың басшылары өзара мәлімеге келгенін хабарлады. Яғни олар өз сатушыларынан үш айға дейін салық алмауға уағдаласқан. Бағаны ұстап тұруға бұл да едәуір сеп болары анық.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ