Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Астанада педагогтарға арналған тамыз конференциясы басталды

AstanaTV
20.08.2015ж. 20:00
1196
Астанада педагогтарға арналған тамыз конференциясы басталды

Астанада мектеп жасындағы оқушылардың саны 125 мыңнан асты. Бұл жөнінде бiлiм беру қызметкерлерiнiң тамыз кеңесi барысында айтылды. Бүгінде Елордада әртүрлi типтегi 181 мектепге дейiнгi бiлiм беру мекемесi мен 88 жалпы орта мектеп бар. Оларда 12 500-ден астам педагог қызмет атқаруда. Қалалық бiлiм беру басқармасының мәліметінше, биылғы оқу жылында елорда мектептерi 125 мыңнан аса оқушыға есігін айқара ашпақ. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен салыстырғанда 20 мың балаға көп.

Астана қалалық білім басқармасының жетекшісі Эльмира Суханбердиеваның айтуынша, Елордаға қоныс аударып жатқан отбасылар саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан әр жылы елорда мектептерi өзге аймақтардан келген 5 мыңға жуық оқушыны қабылдайды екен.

Эльмира Суханбердиева, Астана қалалық бiлiм беру басқармасының жетекшiсi:

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 5 мың оқушы дегенiмiз - екi ауысымда бiлiм беретiн үш мектеп. Яғни жыл сайын Астана қаласында жаңа үш мектеп салынып отыруы керек. 2015-2016 оқу жылдарына арнап 3600 орындық үш мектеп салынды. Жаңадан ашылатын мектептiң бiрi Есiл ауданында, тағы 1200 орынға арналған бiр мектеп Комсомол тұрғын үй алабының аумағында және үшiншi жаңа мектеп «Батығай» тұрғын үй алабында салынды. Астана қаласындағы мектептер оқулықпен толықтай қамтылған.

Биылғы жиын «Бiлiм берудiң мазмұнын жаңарту: болашаққа бағыттау» тақырыбында өтіп жатыр. Аталған жиынға қатысқан Аслан Сәрiнжiпов Қазақстандағы орта мектептер 2020 жылға қарай жаңарған мазмұндағы бiлiм беру жүйесiне ауысып бiтедi деп мәлiмдеді. Бас ұстаздың айтуынша, аталған жүйеге өту алдағы оқу жылында басталады. Сонымен қатар министр Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасында берген тапсырмасына орай, мектептерді кезең-кезеңiмен жаңарған мазмұнға көшiру мәселесi басты назарда екенін атап өтті.

Ал шаһар әкiмi Әдiлбек Жақсыбеков биылғы оқу жылын «Бiлiм беру жүйесiндегi инновациялық жаңару» жылы деп атауды ұсынды. Сондай-ақ, қала әкiмi сол оқу жылының аясында ұстаздар қауымының озық технологияларды игеруiне көп көңiл бөлуді өтінді. Ол өз сөзінде «Ұстаздарымызға озық технологиялардың тiлiн үйретiп, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқуға енгiзу арқылы бiлiм сапасын арттырған үздiк педагогтардың тәжiрибесiн тарату керек»,- дедi.

Берік ХАСЕНОВ 


Алдыңғы жаңалық