$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Нұр Отан» партиясы жас аграршылардың басын қосты

AstanaTV
10.06.2016ж. 20:00
«Нұр Отан» партиясы жас аграршылардың басын қосты

Жастар ұлттық компанияларда немесе банктерде жұмыс істеуге емес, ауыл шаруашылығы саласына ден қойып келеді. Кеңседе отырғаннан гөрі егін егумен немесе мал өсірумен айналысып жетістікке жеткен жастар аз емес. «Нұр Отан» партиясы аграөнеркәсіп саласындағы жастардың басын қосты. Ақмола облысында «Ауыл шаруашылығы: Жастар. Еңбек. Жетістік» атты жины өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас аграршылар болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

Бұл  азаматтар жастары 25-тен енді асса да, көптеген биіктерді бағындырып үлгерген. Әсіресе, жастар арасында аса жоғары сұранысқа ие емес деп саналып келген ауыл шаруашылық саласында. Әрқайсысының жылдық табысы ондаған миллион теңгеден асады. Мұндай жетістікке олар кеңседе отырып емес, дала төсінде ерінбей еңбектене отырып жеткен.

Біржан Иманов, аграрлық сала кәсіпкері, Қарағанды облысы:

Елбасымыз сөзінде ауыл шаруашылыққа көп көңіл бөледі. Біз жастар да күш бар, қуат бар, тың идея бар. Осыны неге қолға алмасқа, неге осыны істемеске? Бұл өзіміздің жұректің қалауы. Бұндай алаңдар жиы ұйымдастырылып отырса, біздің де өсуімізге, өнуімізге, әрі қарай дамуымызға да көп көмегін тигізеді.

Елімізде белгілі ауыр шаруашылық басшысы жас кәсіпкерлерге әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпау керектігін сөзбен емес, іспен көрсетті. Мысалы, қарапайым ауылдағы хоккей алаңы мен зообақ - соның дәлелі. Шара барысында жас аграршылар ауыл шаруашылығында жастар кәсіпкерлігін дамыту мәселелесін пысықтап, тәжірибелерімен бөлісіп, басқа аймақтарда өз өнімдерін өткізетін серіктес табуға мүмкіндік алды.

Серікжан Жексембиев, аграрлық сала кәсіпкері, Алматы облысы:

Жас мамандардың жиналғанның арқасында біз бір-бірімізбен тәжірбие алмастық, жеткен жетістіктерімізді айтып жатырмыз. Кейінгі жастар осы әсіресе аграрлық салаға көп бөлсе деймін. Өйткені бұл сала - біздің мемлекетіміз үшін өте маңызды сала.

Жиында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов ауыл шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдауға байланысты бірнеше жәйттер жайлы айтты. Жас аграршыларды, әсіресе жеңілдетілген несие, субсидия мәселелері қызықтырды. «Қазақстанда жасалған» брендін қалыптастыру мен нарықта жылжыту жайы да ұмыт қалмады. Халықаралық тәжірибе негізінде ауыл шаруашылығы саласына озық технологияларды енгізу кезек күттірмейді, - десті жиналғандар.

Шахмардан Байманов, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ төрағасы:

Болашақта, әрине, осындай форматта осындай жиындар жиі өтеді. Тек қана Астана емес, басқа да өңірлерде. Жай ғана кездесіп қана қоймай, міндетті түрде өзекті мәселелерді шешуге жұмыстар жасау.

Кездесу ашық пікірталас алаңына айналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жас аграршылар жер реформасы бойынша Елбасымыздың бастамаларын бірауыздан қолдайтынын мәлімдеді.

Берік ХАСЕНОВ