Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Атырауда жанар-жағармай бекетінің үйлерге тым жақын салынғанына тұрғындар наразы

AstanaTV
25.08.2015ж. 20:00
1982
Атырауда жанар-жағармай бекетінің үйлерге тым жақын салынғанына тұрғындар наразы

Атырауда «SINOOIL» компаниясына қарасты жанар-жағармай бекеті мен Сарықамыс шағын ауданының халқы арасында дау туындады. Май құю  бекетінің үйлерге тым жақын салынғанына наразылық танытқан тұрғындар былтыр сәуір айында құзырлы органдарға шағымданған.

Алғашқы сот инстанциясында жеңіске жеткен олар сот шешіміне сай дауға айналған бекет сүрілетін болды деп қуанған-ды. Бірақ  қуаныш ұзаққа бармады. Тұрғындар қарсылығына қарамастан, бекет іске қосылды. Енді тұрғындар «терезе ашып, таза ауа жұтудан қалдық» деп ашынады. 

Даудың басы - мына жанар-жағар май бекеті. Өткен жылдың көктемінде қазығы қағылып, құрылысы басталғанда, Сарықамыс шағынауданы халқынан маза кеткен. Өйткені олар мұнда 2005 жылы «Теңіз» кен орнының санитарлық аймағында орналасқан ауылдан көшірілген еді. Айтуларынша, «экологиялық таза аумаққа қоныстандырдық» деп қуантқан жергілікті билік жанармай бекеті тұрған жерді балалардың ойын алаңына айналдырамыз деп уәде еткен. 

Сәлима Қалиева, Сарықамыс шағын ауданының тұрғыны:

Бензиннің иісі мүмкін емес, выхлопной газ. Бізбен санасқан жоқ. Бізден сұраған жоқ. Басына қайта-қайта келіп, сөйлесейік дегенде, прорабтан басқа ешкім болған жоқ. 

Толқын Мәмбетова, Сарықамыс шағын ауданының тұрғыны:

Тереземізді аша алмаймыз, ауа тұншықтырып тұр. Бұл жерде әуелде біз ойластырғанымыз, балалар алаңы болса екен деп, тұрғындар үміттенді. Кәсіпкерлер жеке дүкен ашамыз деп сұрады. Оған ешқандай мағлұмат беріп отырған жоқ. 

Шағын ауданда 450-ге жуық отбасы бар. Жанармай бекетіне тым жақын орналасқан шеткі көшеде тұратын жандар бүгін жанайқайын қала билігіне жеткізуге тырысты. "Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің  қаулысына сәйкес май құю бекеті мен тұрғын үйлердің арасындағы қашықтық 100 метрден кем болмауы керек", - дейді ашынған тұрғындар. Халықтың шағымы негізінде атыраулық прокурорлар сотқа талап-арыз түсіріп, қалалық сот өткен жылдың қазан айында оны қанағаттандырды. Нысан сүрілуі тиіс деген шешім шығарылған. Бірақ «SINOOIL» компаниясы  аппелляциялық сотқа арызданып, өз әрекеттерінің заңды екенін дәлелдеп шыққан.

Саят Әбенов, «SINOOIL» ЖШС АФ директоры:

Сотқа қажетті құжаттардың бәрін апардық. Ешқандай заң бұзбағанымызды дәлелдедік. Біздің жанар-жағармай бекетінің қауіптілігі 5 дәрежелі болып саналады. Санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Аумақтан  нысанға дейін 50 метр болуы керек. Арақашықтық нормаға сай.

Енді бұл іске қалалық әкімдік араласты. Аталған жанармай бекетінің маңына шұғыл жеткен қала әкімінің орынбасары жағдайдан хабарсыз боп шықты. Ашулы тұрғындардың айқайын баса алмаған шенеунік уәде беріп құтылды.

Әділбек Зайдуллин, Атырау қаласы әкімінің орынбасары:

Мекеменің құжаттарын бәрін көтереміз, тексереміз. Соған байланысты жауап берерміз. 2012 жылы сатып алған жер учаскесін. Рұхсаттары бар, қабылдау комиссиясы қол қойған. Тексеріп, қорытындысын айтамыз.

Ал  жанар-жағармай бекетіне тым жақын орналасқан үйлердің тұрғындарының өз айтары бар. Олар, "егер бекет сүрілмесе, онда компания біздің үйлерімізді сатып алсын", дейді. Осылайша бензин мен газдың иісінен басқа жерге қоныс аударып құтылмақ. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ 

Алдыңғы жаңалық