Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданына қарасты Жуса ауылында жападан жалғыз тұрып жатқан қария бар

AstanaTV
26.08.2015ж. 20:00
2416
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданына қарасты Жуса ауылында жападан жалғыз тұрып жатқан қария бар

«Жұртта қалып, жұпыны ғұмыр кешуде». Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Жуса ауылында жападан жалғыз тұрып жатқан қария бар. Азық-түлік дүкеніне 77 жастағы Анастасия Зайцева 3 шақырым жерге жаяу жүріп баруға мәжбүр. Табыс көзі қалада деген 5 перзенті де аналарының жанында тұрақтап қалуға құлықсыз. Адамдардан жырақта аянышты күй кешкен қарияға жаз кезінде бұрынғы ауылдастары қонаққа келіп тұрады. Настя әжейдің тұрмыс-тіршілігімен біздің тілшілеріміз де танысып қайтты.

Анастасия Зайцева жұбайымен бірге Жуса ауылына 1966 жылы Ресейден көшіп келген. Ол кезде бұл ауылдың атағы дүркіреп тұрған еді. Тіпті мұнда педагогикалық техникум болған. Бірнеше жатақхана мен дүкендер жұмыс істеп тұратын деп еске алады кейуана. Бірақ сол кездегі жүздеген тұрғыннан бүгінде ешкім қалмапты. Тоқсаныншы жылдардан бастап халқы үдере көшкен ауылда үйлер қаңырап бос қалды.

Мансұр Есқожин, тілші:

Бүгінде Анастасия әжей шағын туристік орталықты меңгереді десе де болады. Жаздың жаймашуақ күндері бұл ауылға қонақтар ағыла бастайды. Солардың жағдайын жасап, қысқы азығын айырбастауға тырысады.

Алыстағы ауылда абдырап қалған әжейге құр қол барудан қысылдық. Аз ғана ала барған шай-суымызға қария балаша қуанды. Бұл ауылдағы жалғыз жан үшін қарапайым қант пен ұнның өзіне қол жеткізу оңайға соқпайды.

Анастасия әжей табыс көзі жерде дейді. Ауласына көкөніс егіп, үй құстарын бағып күнелтуде. Осы маңда шаруашылық ашқан кәсіпкер азамат әжейдің үйіне электр желісін тартып берген. Газ баллонын да ай сайын аудан орталығынан жеткізуге сол адам көмектеседі. Қария өзге жаққа қоныс аударуға қаражатым жоқ дейді. 37 мың теңге зейнетақысы қысқы азығы мен жағар отыннан аспайды.

Анастасия Зайцева, зейнеткер:

Қияр, қызанақ пияз, сәбіз, сарымсақ егемін. Қызылшаны да ауладағы бақшамнан аламын. Қыстайғы азығым. Өзіме жетеді. Жетпегенін сатып алуға тура келеді.

Осыдан 6 жыл бұрын шалы дүние салып, Анастасия Зайцева Жуса ауылының жалғыз тұрғыны боп қала берді. 7 құрсақ көтерген ананың бүгінде көзі тірі 5 баласы бар. Олардың барлығы өз алдына отбасын құрып кеткен. Қолдан келгенше, көмек бергенімен көшіріп алуға қауқарсыз. Араға апта салып, ұлы Александр ауылға келіп тұрады. Бірақ табыс көзі қалада деп, анасының қасына тұрақтап қалуға құлықсыз. Қарияның ендігі бар үміті қайырымды жандар мен билік өкілдерінде ғана.

Мансұр ЕСҚОЖИН