Үкімет АИ-92/93 бензинінің бағасын мемлекеттік реттеуден
бас тартты. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев
мәлімдеді. Үкіметтің бүгінгі отырысында Энергетика министрлігінің баяндамасы
тыңдалған. Сонан coң атқарушы
билік тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие жанар-жағармай түрінің бағасын
мемлекеттік реттеуден бас тарту туралы шешім қабылдады. Үкімет мұндай қадамға
бензин тапшылығын болдырмас үшін барып отырған көрінеді.
Айта кетейік, Қазақстан нарығына бензиннің біраз бөлігі Ресейден жеткізіліп
келді. Тамыздың жиырмасына дейін көрші елдің жанармайы 97 теңгеден сатып
алынды. Бұл 1 рубль - 2,95 теңге болып тұрған кездегі бағам бойынша
есептелген. Ал теңге еркін айналымға жіберілген соң бензин 120 теңгеден
сатып алынды, ішкі нарықта 108 теңгеден саудалануда.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер- министрінің бірінші орынбасары:
Ешкім де шығынмен жұмыс істегісі келмейді. Егер
осылай жалғаса берсе, қыркүйектің аяғына қарай бензин тапшылығы туындайды.
Еліміздегі өндіріс пен тұтыну балансында АИ-92/93 бензинін үш мұнай зауытында
өндіру көлемі 2,1 миллион тонна, ал тұтыну деңгейі 3,2 миллион тоннаны
құрап отыр. Яғни, 1,1 миллион тонна көлемінде жетіспеушілік бар. Бұл
қажеттіліктің негізгі көлемі Ресейден жеткізілуде. Ал, олар бензин бағасын
қымбаттатып жіберді.
Белгілі болғандай, АИ-80 маркалы бензині мен дизель отынының
бағасы көтерілмейді. Елімізде олардың қоры жеткілікті көрінеді. Яғни АИ-80
маркалы бензині 89 теңге, ал дизель отыны 99 теңге қалпында сақталады. Ал,
жүргізушілер арасында үлкен сұранысқа ие АИ-92/93 бензинінің бағасы 140-150
теңгеге жетуі мүмкін. Бұл туралы брифинг барысында Энергетика министрі Владимир
Школьник мәлімдеді.
Владимир Школьник, ҚР
Энергетика министрі:
Қазір мұнайдың бір баррелі 50 доллар, 1 доллар - 240
теңге. Ал АИ-92/93 бензиннің бір литрі 108 теңге, яғни литрі 40 цент тұрады.
Айтпаса да белгілі, осындай бағада
бензинді елімізге әкелу мүмкін емес. Әзірге бензин бағасы қаншаға көтерілетіні
белгісіз. Мүмкін литріне 140, немесе 150, не 142-143 теңге болуы ықтимал.
Бірақ үкімет нарықта бағаның шарықтап кетуін болдырмайды, монополияға қарсы бәсекелестікті қорғау туралы заңдарымыз бар.
Берік
ХАСЕНОВ