Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Таяуда Астанада жұмыс кестесі өзгертілмек

AstanaTV
14.09.2015ж. 20:00
975
Таяуда Астанада жұмыс кестесі өзгертілмек

Елорда әкімшілігі кептеліс мәселесін түбегейлі шешуге кірісіп кетті. Енді тек оқушылардың сабақ кестесін ғана емес, жоғары оқу орындарының, колледждер мен ұлттық компаниялар, тіпті орталық билік органдарының жұмыс орнына жету уақытын реттемек. Қысқасы, алты сағаттық белдеуге көшеді. Өзгерістер тек 1 сынып оқушыларын айналып өтеді.

Эльмира Суxанбердиева, Астана қаласы білім басқармасының бастығы:

Оқу уақытын өзгерту үшін заңға тиісті өзгертулер енгізілуі тиіс, типтік бағдарламаларға да соған сәйкес өзгертулер жасалады. Барлығы заң аясында іске асырылмақ. Бүгінде ата-аналар арасында сауалнама жүргізіліп жатырмыз. Бір айта кетерлігі, өзгеріс бірінші сынып оқушыларына қатысы болмайды.

Айтуынша, биыл Астанада 120 мыңға жуық мектеп оқушысы, 38 мың бала-бақша тәрбиеленушісі, 35 мыңға жуық студент бар. Ал, білім мен тәрбие беретін мекемелердің көбісі жұмысын таңғы 8-ден бастайды екен. Осыдан барып кептеліс болады, дейді әкімдіктегілер. «Астана LRT» компаниясының басшысы Талғат Ардан да жұмыс уақытын өзгерту ауадай қажет деп отыр. Өзгеріс  ұлттық компанияларға да қатысты болмақ.

Талғат Ардан, «Астана LRT» компаниясының басшысы:

Ұлттық компаниялар мен орталық билік органдарына алты сағаттық белдеуге көшу керек. Ол таңғы сағат 7-ден  бастап күндізгі 10-ға дейін созылады. Қазіргі уақытта бұл ұсыныс жан-жақты зерттелуде. Алдағы уақытта жұмыс уақытын өзгерту бойынша қалалық жоспар бекітілетін болады. Кейбір мекемелерде түскі ас уақыты ұзарса, кейбіреулерінде керісінше азаяды дегендей.

Талғат Ардан бірінші кезекте қалалық әкімдік пен оған тиесілі құрылымдардың жұмыс кестесі өзгеретінін айтты. Айта өтейік, кептеліс мәселесін реттеу үшін бүгіннен бастап бірқатар көшелерде таңғы сағат 7-ден кешкі 9-ға дейін жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды. Бұған жүк көліктерінің жүргізушілері даурықпаса да болады. Өйткені әкімдікте, басқа амалымыз жоқ, десті. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА