Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда қызылшаға қарсы егу шаралары қайта басталады

AstanaTV
17.09.2015ж. 20:00
1932
Қазақстанда қызылшаға қарсы егу шаралары қайта басталады

Қазақстанда қызылшаға қарсы егу шаралары қайта қолға алынбақ. Қазан айынан бастап Астанада 15 пен 19 жас аралығындағы 22 мыңға тарта жеткіншек екпе қабылдайды. Қызылшаға қарсы екпені қайта жүргізу бұл дерттің күрт өсуімен байланысты. Астананың өзінде 8 айда қызылша жұқтырған төрт жүздей науқас тіркеліпті. Індеттің  белең алуына діни ұстанымдағы ата-аналардың балаларына екпені салдырудан бас тартуы себеп болған, - дейді мамандар.

Өткен жылы Қазақстан қызылшаның таралу қаупі бойынша әлемде оныншы орында тұрған. Биыл төртінші орынға көтерілді. Астанада  екпе жасайтын 44 бригада жұмыс істейді деп жоспарланған. Олар ауруханаларда, мектептер мен колледждерде орналаспақ.

Сәуле Атығаева, Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс инфекционисті:

18 жасқа толмаған балаларға екпе жасамас бұрын, ата-аналарынан міндетті түрде рұқсат алу керек. Олар келіскен жағдайда ғана, қызылшаға қарсы екпе егіледі. Мен өз атымнан ата-аналарды екпеге қарсы болмауына шақырамын. Өйткені ертең бұл ауруға шалдыққан балаға үлкен қауіп төнеді. Ол қызылшадан жазылғанымен, басқа органдарына, әсіресе ішкі органдарына, бас миына үлкен зиян келеді.

Еске салайық, жыл басында  қызылшаға қарсы екпеден соң жасөспірімдердің ауруханаға түсуі тіркелген болатын. 11 ақпанда аталған екпені салдырған Теміртау медициналық колледжінің 18 оқушысы төсек тартып қалды. Ал іле- шала дәл осы вакцинадан Жаңаөзенде 30 шақты жасөспірім ауруханадан бір-ақ шықты. Осыдан соң бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин екпені уақытша тоқтату туралы шешім қабылданғанын айтқан. Ал вакцинаға зерттеу жасаған Ұлттық экспертиза орталығы мен халықаралық сарапшы ұйымдар, жастардың ауруханаға түсуі екпеден емес, деген шешім шығарды. 

Берік ХАСЕНОВ