Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

АИ-80 бензинінің бағасы қымбаттауы мүмкін

AstanaTV
15.06.2016ж. 20:00
1794
АИ-80 бензинінің бағасы қымбаттауы мүмкін

АИ-80 бензинінің бағасы қымбаттауы мүмкін. Өйткені Энергетика министрлігі АИ-80 маркалы бензині мен дизель отынының бағасын реттеуден бас тарту мәселесін қарастырмақ. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов бұл жанар-жағармайдың бағасы 2012 жылдан бері көтерілмегенін атап өтті. Қазіргі күні АИ-80 маркалы бензиннің шекті бағасы литріне 89, ал дизель отыны 99 теңгені құрайды. Ал бұл жанармайлардың Ресейдегі бағасы 171 және 177 теңгені, Қырғызстанда 146 және 151 теңгені құрап отыр. Себебі бұл елдерде АИ-80 мен дизель отынының бағасы бәсекелес ортаға жіберілген. Вице-министрдің айтуынша, мемлекет тарапынан реттеу мұнай өңдеу компанияларын шығынға батырып отыр. Бірақ сенаторлар АИ-80-ді бәсекелес ортаға жіберуге қарсы шықты.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Неге біздер мұнай өндіретін компаниялардың жетегінде жүруіміз керек. Сіздер қазір ең оңай жолмен кетіп бара жатырсыздар министрлік, Үкімет. Ең оңай жол деген не ол? Бәсекелес ортаға шығарып жіберу. Ал оның артында қаншама адам тұр. АИ-80 маркалы бензинді жағатын кім? Ол - ауылдағы адамдар. 80-ді жағайын деп жақпайды. Амалсыздан күнкөріс үшін жағып отыр.

Энергетика министрлігі жылдың аяғына дейін Қашағанда 500 мың тонна мұнай өндірмек. Мұны вице-министр айтты. Жалпы кен орнында тәулігіне 375 мың баррель мұнай, яғни жылына 17 миллион тонна мұнай өндіру көзделген екен. Сондай-ақ, Энергетика министрлігі отандық мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау кестесін қайта қарастырмақ.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі:

Премьер-министрдің берген тапсырмасы жалпы модернизация жайлы емес, тек биылға жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары жайлы болды. Осыған сәйкес бағалау жүргізіп, Павлодар мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстарын 5 күнге, Шымкент зауытындағы жұмыстарды 51 күннен 33 күнге қысқартамыз. Осылайша біз биыл қосымша 150 мың тонна мұнайды өңдеуден өткізе аламыз.