Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Кәсіпкерлер палатасы Премьер-министрге нақты ұсыныстар бере алмады

AstanaTV
16.06.2016ж. 20:00
1595
Кәсіпкерлер палатасы Премьер-министрге нақты ұсыныстар бере алмады

Кәсіпкерлерді жекешелендіру бағдарламасына тарту үшін, оларға бөліп төлеуге мүмкіндік беру керек. Мұндай ұсынысын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов палатаның ІІІ съезінде айтты. Форумға Премьер-министр Кәрім Мәсімов қатысты. Ол кәсіпкерлерден нақты ұсыныстар күткен болатын. Бірақ олар өз проблемаларын тізумен ғана шектелді. Айгүл Әдепбай тарқатады.

Съезге қатысқан Премьер-министр «Атамекен» палатасынан экономика-қаржы сұрақтарына қатысты нақты ұсыныстар күткен еді. Бірыңғай зейнетақы қорының қаржысын тиімді қолдану және медициналық сақтандыру қоры бойынша ұсыныс білдіріңдер деп, Кәрім Мәсімов палата өкілдеріне бұған дейін тапсырған болатын. Алайда палатаның мінберінен ондай ұсыныстар айтылмады. Есесіне, кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы бизнеске жекешелендіру нысандарының құнын өтеу үшін жеңілдік сұрады.

Абылай Мырзахметов, ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:

Жекешелендіру үрдісі әсіресе аймақтарда ашық өтіп жатқан жоқ. Қазір бизнеске қиын. Қаржы жеткіліксіз. Сондықтан отандық бизнес жекешелендіру бағдарламасына қатыссын десек, оларға бөліп төлеуге немесе мүлікті сенімгерлікпен басқаруға мүмкіндік беру керек.

Сонымен қатар атамекендіктер «KAZNEX INVEST» АҚ-ның 51 пайыз басқарма пакетін сұрады. Қазір палата экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттіктің 49 пайыз акциясына иелік етеді. Кәсіпкерлер мемлекеттік органдар тарапынан тексерістің көптігіне шағымданды. 61 бақылаушы органның көптігін айтты. Ал Премьер-министр бизнесті тексеруді азайту жолдарын қарауды тапсырды. Және халықтың кәсіпті болуына назар аудартты. 

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Қоғамдағы тұрақтылық алға жылжу - жұмыспен қамту сұрағына барып тіреледі. Егер адамның жұмысы болса, ол сіздің тауарды сатып алады. Ал біз қандай да бір сұрақтарды шұғыл шешеміз, маусымдық жұмыс орындарын құрамыз, бірақ нарықтағы жағдай өзгермейді, тағы да проблема туындайды.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Кәрім Мәсімов, жұмыспен қамту бағытын кеңейту үшін, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруды тапсырды. Ол үшін су жаңа вице-премьер және ауыл шарушылығы министрі Асқар Мырзахметовке атамекендіктермен кеңесуді тапсырды. Яғни ағалы-інілі Мырзахметовтер ауыл шаруашылығындағы жұмыспен қамтуды тиімді етудің амалдарын іздеу керек. Сонымен қатар тұрмыстық бастапқы қажетті тауарларды өзімізде шығарудың маңыздылығын айтты Кәрім Мәсімов. Және шикізатты ел болғандықтан, инвестицияны көптеп тартуға шақырды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ