Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

ШҚО-да бірнеше құрылыс компаниясының лицензиясы кері қайтарылуы мүмкін

AstanaTV
23.09.2015ж. 20:00
2109
ШҚО-да бірнеше құрылыс компаниясының лицензиясы кері қайтарылуы мүмкін

Шығыс Қазақстан облысындағы құрылыс компанияларының басына қара бұлт үйірілді. Ендігі жерде нысандар құрылысын сағызша созғандар қатаң жазаланбақ. Жергілікті билік «қара тізімге» іліккендердің атын атап, түрін түстеп, ғаламторға жариялап та қойған. Әзірге тізімде 10 компания тұр. Бірақ олардың қатары жақын арада бірнеше есеге көбеюі ықтимал.

«Қара тізімге» ілініп кетуі мүмкін компаниялардың бірі - мына мектепті салып береміз деп осыдан үш жыл бұрын тендер ұтып алған астаналық фирма. Нысан биыл тапсырылуы тиіс еді. Алайда олай болмады. Құрылысшылар, жұмысқа жер асты сулары кедергі келтірді деп, ақталғысы келеді. Дегенмен, қиындық мұнымен бітпейді. Құрылыс материалдарының жеткізілуі де қиямет қайым.  

Олег Кондратьев, құрылыс бригадирі:

Құрылыс материалдары жоқ. Біз мұнда көбіне бос отырамыз, шай ішіп, текке уақыт өткіземіз. Алатынымыз тиын-тебен. Бірақ соның өзін бірнеше айлап бермейді.

Құрылыс компаниясы мектепті сақадай сай етіп тапсыруға міндеттелген. Нысанның құны да осал емес, 1 миллиард 700 миллион теңгені құрайды. Комиссия тарапынан құрылыстың сапасына аз сын айтылмапты. Сондықтан жүрдім-бардым салынған нысандарды «жарап тұр» деп қабылдап алған техникалық бақылау мекемелері де «қара тізімге» ілігіп жатыр.

Мәди Отарбаев, ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы: 

Қазір техникалық бақылаумен айналысатын 8 компанияны аттестаттау тоқтатылды. Тағы үш мекеменің ісі сотқа жіберілді. Ал екеуінің лицензиясы кері қайтарылды.

Қысқасы, құрылысқа салғырт қараған компаниялар мен олар атқарған жұмыс сапасын дұрыс тексермеген мекемелерге тықыр таянды. Олар аймақтық, тіпті республикалық нарықтан да қуылмақ. «Қара тізімге» алып қорқыту артта қалды, енді мәселе сотқа жетеді, дейді билік өкілдері.

Мәди Отарбаев, ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы: 

Құрылысты аяқтамау және өз ісіне салғырт қарау дерегі бойынша 18 істі сотқа жолдадық. Сегіз компанияның әрекетін сот заңсыз деп таныды. Енді олар тендерге жіберілмейді. Жауапсыз жеткізушілердің тізімін сайтымызға да жарияладық.

Облыс бойынша проблемалы деп танылған 118 құрылыс нысаны бар. Көбінде жұмыс жүрмей, техникалар қаңтарылып тұр. Жергілікті басшылардың олармен күресі нәтижесіз емес көрінеді. Соңғы уақытта бірқатар құрылыс алаңдарында жұмыстың жанданғаны байқалады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ