Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Мемлекетке пайда түсірмейтін ауыл шаруашылықтары субсидиядан мүлдем қағылуы мүмкін

AstanaTV
23.09.2015ж. 20:00
832
Мемлекетке пайда түсірмейтін ауыл шаруашылықтары субсидиядан мүлдем қағылуы мүмкін

Мемлекетке пайда түсірмейтін ауыл шаруашылығы нысандары субсидиядан мүлдем қағылуы мүмкін. Ал үнемделген қаражат көрсеткіші жоғары кәсіпорындарға бөлінбек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков  мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруге қатысты басқосуда мәлімдеді.

Айтуынша, қазір мемлекет қаржысын пайдаланып отырған шаруа қожалықтары кіріс кіргізбейді. Керісінше шығынға батып отыр. Ал қолдау қаржы сол шаруашылықтарды жабылудан қорғап қалуға  жұмсалуда. Министрдің сөзінше, отандық кәсіпорындар шығаратын нан, сүт, ет өнімдері төмен бағамен босатылады. Алыпсатарлар болса, бағаны өз білгенінше көтереді. Яғни пайданы шаруашылықтар емес, ортадағы сатушылар көруде. Осыған орай ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын кәсіпкерлерді баға орнату құқығынан айыру керек, - дейді министр. Оның орнына кіріс көзі төмен шаруашылықтарға өнімін тиімді бағамен сату жолдарын қарастырған жөн дегенді қосты.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялық жүйені толық өзгерту керек. Қазір көптеген қожалықтар мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана жұмыс істеп тұр. Олар көмек қаржыны алып үйреніп алған. Мемлекеттік бюджетке кіріс кіргізбейді. Сондықтан бұл жүйені кәсіпкерлер палатасы мен бизнес өкілдері бірлесе талқылап, өзгерістер енгізу қажет. Нарықта бәсекелестігі жоғары бизнес қана жетістікке жетеді. Сондықтан алдымен тиімді шаруашылықтарды қолдауымыз керек. 

Жұрағат БАМАН