Шулы «Шанхайда» жаңа автобекет ашылуы мүмкін. Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков жергілікті
шенділерге осындай тапсырма берген. Айта кетейік, елордадағы «Шанхай» базарының
маңында бірнеше жылдан бері заңсыз қалааралық жолаушы тасымалы белең алған.
Әкімдіктегілер болса жаңа нысанның салынуы көптеген заңсыздықтарды реттеуге сеп
болар еді деген пікірде.
«Шанхайдағы»
атышулы автотұрақ осы. Бұл жерді талай уақыттан бері заңсыз жолаушы
тасымалдаушылар жаулап алған. Қаларалық автобустар еліміздің әр түкпіріне жол
тартады. Жол ақысын жүргізушілер өздері белгілейді. Билет те, қауіпсіздікке
кепіл де жоқ. Сол себептен мұнда дау-дамай жиі туындап жатады. Мәселен, осы
жазда жүргізушінің жолаушыға қол көтеру оқиғасы тіркелген. Көлігіне отырмағаны
үшін. Адамға таласқан жүргізушілердің өздері де жиі жаға ұстасып қалады. Олар
сұқбат беруге де құлықты емес.
«Шанхайда» заңсыз
жолаушы тасымалының жүріп жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Алайда бейберекет
тірлікті реттеп, тәртіп орнатуға тырысқан әкімдік қызметкерлері мен полицейлердің
әрекеті нәтиже бермей келеді. Әкімнің осы жерде автобекет салу бастамасы жүзеге
асса, талай мәселенің түйінін тарқатар еді, - дейді жүргізушілер.
Мұқтар Мұсабаев,
жүргізуші:
Ресми түрде ашса, мен келісемін. Ондай жағдайда біздің жұмыс істеуімізге де жақсы болар еді. Бұл
бастаманы мен құптаймын.
Әзірге
жүргізушілер жолаушыны үйреншікті әдіс бойынша тасымалдауда. Әрбір автобустың адам
жинаушысы бар. Автобус толмайынша, орнынан қозғалмайды. Сондықтан болар жүру
кестесі сақтала бермейді. Бірақ бұған бас ауыртып жатқан жолаушы жоқ. Өйткені
жолақысын төлеуде саудаласуға мүмкіндігі бар.
Негізінен
келісімді нарық. Себебі біз жеке жұмыс істейміз.
Астана қалалық көлік
және автомобиль жолдары басқармасындағылардың бізге берген жауабына сүйенсек, қала басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бойынша мәселелер қазір пысықталып
жатыр.
Әбдіхамит Тамабаев,
Астана қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы
басшысының орынбасары:
Әзірше ол туралы
айтуға ерте. Дегенмен жұмыс істеліп жатыр. Уақыты да белгісіз. Бұл конкурс
негізінде шешіледі. Арнайы байқау жарияланып, нақты мәселе сонан соң ғана
белгілі болады. Дәл уақытын айта алмаймын.
Демек, жаңа жобаны
жүзеге асыру үшін бірнеше жыл қажет болуы да мүмкін. Ал оған дейін заңсыз
жолаушы тасымалымен айналысушылар өздері бекітіп алған тәртіп бойынша жұмысын
жалғастыра беретін сыңайлы.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ