Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Алматыдағы алтын бұйымдарын сататын базар мәжбүрлі түрде жабылды

AstanaTV
25.09.2015ж. 20:00
1325
Алматыдағы алтын бұйымдарын сататын базар мәжбүрлі түрде жабылды

Алматыда алтын бұйымдар сатумен айналысатын 300-дей адам бірнеше ай бойы жұмыссыз қалуы мүмкін. Бүгін «Алатау» базарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауын негізге алған сот орындаушылары сауда орындарын жауып тастады. Ауданаралық әкімшілік соттың шешіміне сай, қара базарда өрт қауіпсіздігіне байланысты 53 заңбұзушылық анықталған. Құзырлы орган қызметкерлері олқылықтарды қалпына келтіру үшін базар иелеріне бір жарым ай уақыт берген. «Алайда олардың ешқайсысы жөнге келтірілмеді», - дейді сот актілерін орындау департаментінің мамандары. Ал сауда нүктелерін жалға алып, еңбек етіп жүрген саудагерлер соттың шешімімен келіспейді. Олар соңғы 20 жылда қалыпты жұмыс істеп тұрған «алтын базарының» аяқ асты жабылуына наразы.

Айта кетейік, ел аузында «барахолка» атанып кеткен базарлар кешені соңғы үш жыл бойы қайта құрылымдаудан өткізіліп жатыр. Осы аралықта төтенше жағдай қызметінің мамандары «17 базарда өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауы» дерегі бойынша істі сотқа тапсырған.    


Жүсіп Суанов, саудагер:

Таңертең жұмысқа келдік. Қуалап, мал сияқты шығырып жіберді. Ескерткен жоқ. Үш күн бұрын аренданы жинап алды.

Рахым Орымбаев, Алматы қаласы сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:

Осыдан бір жарым жыл бұрын келіп, ескерту хат бергенбіз. Ол 30 шілде еді. Содан бері ескерту хатқа құлақ асқан жоқ, өз еріктерімен жаппай жұмыс істеді. Сол себепті мәжбүрлі түрде жауып отырмыз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ