$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қазақстанның кей өңірлерінде астық алқаптары орылмай, қар астында қалды

AstanaTV
09.11.2015ж. 20:00
1469
Қазақстанның кей өңірлерінде астық алқаптары орылмай, қар астында қалды

Егіннің орылмай қар астында қалу жәйттары биыл да қайталанды. «Фэйсбук» әлеуметтік желісінде Тайынша ауданында қар жамылған бидай алқаптарының бейнесі жарияланды. Кей дерек бойынша Қостанай облысында да орылмай қалған астық бар.

Айта кетейік, қазанның 15 күні Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаровтың өңірде егін ору науқаны толық аяқталды деген еді. Қостанай билігі де егінді шашау шығармай орып алдық деп есеп берген-ді. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков парламент қабырғасында бұндай фактілердің бар екенін мойындады. Бірақ министрлік ол үшін жауапты емес көрінеді.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Мен ондай фактілердің барын жоққа шығармаймын. Министрлік жеке шаруалар үшін жауап бере алмайды. Министрлік астық оруға көмек көрсетуі керек дегенде, ол - лизингтің қол жетімді, пайыздық жарналары қалта көтеретіндей, табыс инвестициялық-субсидиялық бағдарламалар арқылы нәтижелі болуын қамтамасыз етуі. Бірақ біз бұл жұмыстарды бүгінге дейін атқарған жоқпыз.

Ал министрліктің келесі жаңалығы жағымды. Қазақстан Қытай мен Біріккен Араб елдеріне ет экспорттайтын болды. Халықаралық эпизотиялық бюро елдің 9 өңірін аусыл ауруынан ада деп таныпты. Сондықтан бірқатар елдер бұған дейін болған шектеулерін алып тастады. Ауыл шаруашылығы министрі бұл жаңалық қазақстандық ет экспортына тың серпін береді дейді.