$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жол ережесін бұзған ұлы үшін полиция полковнигі отставкаға берді. Алматыда тас жолда шабандоздар шоуын ұйымдастырғандар ұсталды

AstanaTV
29.09.2015ж. 20:00
1892
Жол ережесін бұзған ұлы үшін полиция полковнигі отставкаға берді. Алматыда тас жолда шабандоздар шоуын ұйымдастырғандар ұсталды

 Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Балташев қызметінен кетуге өтініш берді. Оған себеп - ұлының тойындағы жүргізушілердің ерсі әрекеті. Нақтыласақ, бірер күн бұрын Елордада жол сақшылары ережені өрескел бұзған той кортежін ұстады. Бірнеше көлік, тіпті артқы бағытпен жүріп, өзге көліктердің қозғалысына кедергі келтірген еді. Қымбат көліктердің қамсыз қозғалысы қоғам наразылығын тудырды. Әлеуметтік желілер «алтын жастардың» әрекетін қызу талқылаған соң, ішкі істер министрлігіне түсініктеме беруге тура келді. Олар той кортежі полиция полковнигінің ұлының тойын тойлағанын растады.

Алмас Садубаев, ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:

Астанада той шеруіне қатысқандар жол ережесін бұзғандары үшін жауапқа тартылды. Аталған факт бойынша жалға алынған автокөлік жүргізушілері мен той иесінің таныстары айыпты деп танылып отыр. Бұл Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Балташевтің ұлының тойында орын алған оқиға екені расталды. Осы жағдайға байланысты полиция полковнигі Балташев Бақытжан Балғабекұлы өз өтінішіне сәйкес қызметінен босатылды.

 Ал Алматыда той кортежі үшін жолда көлік шоуын ұйымдастырған «шабандоздар» да ұсталды. Оларға Әкімшілік Кодекстің бірнеше бабы бойынша айыппұл салынды. Полиция үлкен даңғылдың бойында «дрифт-шоу» ұйымдастырып, қоғамдық тәртіп пен жол ережесін өрескел бұзғандардың есімдерін де жариялады.

«Лексус» көлігін тізгіндеген 26 жастағы Тамаз Құрбанов апатты жағдай тудыра отырып жол ережесін бұзу, көліктерге кедергі келтіру, анық көрінбейтін мемлекеттік тіркеу нөмірімен жолға шыққаны үшін жауапкершілікке тартылды. Ал «Мицубиси Лансер» көлігінің жүргізушісі 23 жастағы Афган Мамедовке әкімшілік полиция басқармасы 4 бап бойынша айып тақты.

Жандос Мұратәлиев, Алматы қаласы ӘПБ бастығының орынбасары:

Әкімшілік полиция басқармасымен 2 жүргізуші де анықталып, олардың әрқайсысына 2 данадан хаттамалар толтырылып, 15 АЕК көлемінде айыппұлдар салынды. Ұсталған азаматтардың екеуі де Алматы тұрғындары, жас жігіттер. Олар өз кінәларын мойындады.  


  

Алдыңғы жаңалық