Қостанайда, есірткі бизнесін «бүркемелеп» келген қалалық ішкі істер бөлімі криминалдық полиция жедел іздестіру бөлімінің бастығы жазаға кесілді. Бауыржан Сыздықов сот шешімімен 5 жылға бас бостандығынан айрылып, «майор» шенінен қағылды, сондай-ақ дүние-мүлкі тәркіленді.
Ерлік Сералин, Қостанай облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
Сот, Бауыржан Мұқтарұлы Сыздықовты кінәлі деп танып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 307 бабы 4 тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру және 7 жылға дейін мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан айыру туралы жаза тағайындады.
Естеріңізге сала кетейік, аса ірі көлемде героин сатып, табыстың бір бөлігін полиция өкілдеріне сыйақы ретінде беріп отырған қылмыскерлер 2 жыл бұрын құрықтала бастаған еді. «Есірткі саудасына» қатысты атышулы қылмыстық іске өткен жылдың 20 қаңтар күні нүкте қойылып, үкім жарияланды. Сот, ұйымдасқан топтағы 16 адамға түгелдей жаза кесті. Топтың басшылары Резида Асылбаева мен Алевтина Петренко 20 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Ал оларға сыбайлас болып, көлеңкелі бизнесті қалқалап келген облыстық ішкі істер департаментінің бұрыңғы 10 қызметкері де жазаға кесілді. Екі жылдан кейін, атышулы сот процесі тағы жалғасын тапты. Бұл жолы, Қостанай қалалық криминалдық полиция жедел іздестіру бөлімінің бастығы Бауыржан Сыздықов заң алдына тартылып отыр. Прокурордың айыптауы бойынша 2008 жылдан 2012 жыл аралығында өзінің қызметтік бабын асыра пайдаланған Бауыржан Сыздықов қылмыстық топ жетекшілерімен сыбайлас болып, есірткі бизнесіне қолқабыс жасап отырған. Осы «еңбегі» үшін топ басшыларынан ай сайын 50 мыңнан 100 мың теңге аралығында сыйақы алып келген. Экс-полицейге 3 бап бойынша айып тағылған болатын. Сот үкіміне сәйкес, айыпталушы Қылмыстық Кодекстің 307 бабы 4 тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ал, қалған 2 бап, яғни «сыбайластық» және «заңсыз есірткі затын сақтау және сату» бойынша ақталды.
З.САНАЙ