$488.45 €529.19 ₽5.04
×

«Ұлы даланың» «қазынасы»!

AstanaTV
24.10.2015ж. 20:30
1715
 «Ұлы даланың» «қазынасы»!

 Кешеннің құрамында «Бәйдібек» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Салт-дәстүр және әдеп-ғұрып» орталығы, «Жайлаукөл» демалыс орны бар. Олардың бәрі бірігіп, бірыңғай сәулеттік ансамбльді құрайды.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументалды ескерткіш қойылып, Қазақ хандығының барелъефті композициясы және Президенттің сөздері бедерленген. Елдің еңсесін көтеретін «айлақ» туралы репортаж. 

Шымкенттегі  демалыс орындарының қатарын толықтырған  «Қазына» этно-тарихи кешені осы.  Шаһар тұрғындарының игілігіне  қызмет ететін бірегей нысан бұл. Сәні мен сәулеті келіскен  кешен. Осыдан болар, ашылу салтанатына жиналғандардың  қарасы қалың болды.  Тарихтан сыр шертер орындарымыздың қатары артуы, әсіресе қала тұрғындары үшін үлкен қуаныш сыйлады.

Кендебай Қарабдалов, Шымкент қаласының тұрғыны:

Құдайға шүкір, Қазақстанда  болмаған этно орталық Шымкент қаласында ашылып жатыр. Бұған қала, облыс басшыларының еңбегі зор. Бұл мақсат қазақ халқының  ұмытылып кеткен, күнделікті тұрмыстан түсіп қалған салт-дәстүрін осы жерде іс жүзінде  көреді ,әрі үйренеді. Әрі келесі ұрпаққа тәрбие ретінде бере алады. Сондықтан бұл жер өте болашағы зор ,керемет мәдени кешен.

Кешеннің халық игілігіне берілуіне бірқатар мәртебелі меймандар қатысты. Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оңтүстік қазақстандықтарды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың атынан құттықтады. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов ашылып отырған этно-тарихи кешен Елбасы саясатын  іске асыруға өзіндік үлес қосып отырған жоба екенін атап өтті. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыповтың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ кешеннің ашылуына Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Маямеров те арнайы қатысып, оңтүстік жұртшылығына ақ тілегін білдірді. 

Айта кетейік, аталған жоба аймақты басқарып тұрғанда кезінде Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен қолға алынған еді.

Кешеннің қақ ортасынан «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі орын тепкен. Оның биіктігі 15 метр. Ескерткіш қазақы ою-өрнекпен көмкерілген.Монумент  ортасына биіктігі он, ені сегіз метрлік пирамида түріндегі композиция қойылған. Аталған монументтің шаһар төрінен орын тебуі тегін емес.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Қазақ хандығы хандарының басым көпшілігі осы Түркістанда мәңгілік сапарға аттанғандығы, осы жерде жерленіп жатқандығы  осының бәрін ескере отырып Қазақ хандығының 550 жылдығына орай да осы хандыққа байланысты да арнайы монументтің осы жерде қойылғаны оның да бірден бір себебі осында.

Кешен  тарихи және мәдени-сауықтыру бағытындағы  екі бөліктен тұрады. Алғашқы бөлігіндегі  «Ұлы Жібек жолы» сәулеттік композициясы  шұрайлы өңірдің өткені жайлы  сыр шертіп тұр. Ұзындығы 50 метр шығатын көш әдемі суреттелген. Кешенге келген шаһар тұрғындары мен қонақтары тарихи орындармен де таныса алады. Мәселен ,этносаябақтағы жаяу жүргіншілер аллеясының бойына өңірдегі 27 тарихи сәулеттік  ескерткіштің макеті қойылған. Бір сөзбен айтқанда оңтүстікте қандай  киелі, әулиелі орындар мен тарихи нысандар бар, солардың барлығының көшірмесін көре алады. Шынтуайтында көпшілік Түркістандағы Қожа ахмет Яссауи кесенесі мен Отырар ауданындағы Арыстанбапты ғана жатқа біледі. 

Мырзабай Омаров, Шымкент қаласының тұрғын:

Оңтүстік өзге өңірлерге қарағанда қазақтың орталығы болғандықтан бұндай орталықтардың мол болғаны жақсы. Келешек ұрпаққа берері бар, қонақтар, шетелдегі қазақтар да келіп осы орталықтан көп мағлұмат алып отырады. Демалыс орындарына бала-шағаларды әкеліп ,серуендеп, халқымыздың тарихын білуге көп бала-шағаға септігі бар ғой.

Мұнда ғұламалардың өсиет сөздері де тасқа қашап жазылған. Аймақтың бас сәулетшісі алдағы уақытта бұл жерде Оңтүстік топырағында өсетін барлық өсімдіктер мен ағаштар  отырғызылады деп отыр. Үлкен жоба әлі де толыға түспек.

Бақытжан әшірбаев, ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

Ал  мынау астыңғы жағындағы мынау аллея мен  бұдан екі есе ұзын аллея. Сол жерде археологиялық көріністерді көрсетеміз,  тарихи көріністерді мүмкін экспозиция сияқты  етіп көрсетіп, қандай соғыстар болған бұл жерде жоңғарлардан бастап, Шыңғысханнан бастап Отырардың жағдайын көтсеруі мүмкін. Сондай үлкен-үлкен әлі алдымызда мақсаттар бар.

Қаланың көркін ашып тұрған кешеннің жалпы аумағы 76 гектардан асады. Бұл жерде этносаябақтан бөлек жайлаукөл, қазақ ауылы орын тепкен. Наурыз алаңы да осында. Кешеннің мәдени-сауықтыру бөлігінде  тарихи-өлкетану мұражайы, елімізде тұңғыш болып ашылған әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы жұмыс істеп тұр. Жұмысын бастаған тоғыз айда атқарған дүние аз емес ,-дейді орталықтағылар. Айтуларынша ауыл-ауылды аралап, салт-дәстүрді көнекөз  қариялардың  өз ауыздарынан жиып та жүр екен.

Назарбек  Үсіпахметов,  әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директорының орынбасары:

Қазіргі мынау орталықтың атқарып жатқан тікелей жұмысы бұрынғы ұмыт қалған салт-дәстүріміз, бұрынғы ата-бабамыз дәріптеп өздері жасаған салт-дәстүрін  қазіргі халыққа, қазіргі замандағы ұрпаққа сол  ата-бабамыз жасаған дәстүрімізді біз қазір заманауи үлгіге келтіре отырып, әрі түпнұсқасын бұзбай қазір осы орталықтың көптеген қызмектерлерінің арқасында елге беріп жатырмыз деп айтуға болады.

Бұл - этно-тарихи кешеннің құрылысы 2012 жылы басталған. Бірінші кезеңнің жұмысы толықтай аяқталды. Енді екінші кезең қолға алынбақ. Яғни еліміздегі үшінші мегаполис саналатын шырайлы  Шымкент қазіргіден де көркейе түспек.  «Қазына» секілді қаланың  көркін ашып, тұрғындардың жайлы демалысына  мүмкіндік  беретін мәдени кешеннің өңірлерде бой көтеруі еліміздің  дамып келе жатқандығының тағы бір айғағы.

Айзада Төребекқызы, Серік Талас , Марат Ерназарұлы «Біздің уақыт»