$445.62 €479.4 ₽5.4
×

«Ресей ұшағының апатына әуе көлігіндегі жарылыс себеп болуы мүмкін» деген болжам айтылуда

AstanaTV
03.11.2015ж. 20:00
1011
«Ресей ұшағының апатына әуе көлігіндегі жарылыс себеп болуы мүмкін» деген болжам айтылуда

Мысырдағы Ресей ұшағының апатына әуе көлігіндегі жарылыс себеп болуы мүмкін. Американың Stratfor барлау-сараптамалық агенттігі осындай болжамын жариялады. Ондағы мәліметке сүйенсек, ұшақтың жүк бөлігінде немесе жолаушылардың арасындағы жанкештіде жарылғыш зат болған. Ал ұшақтың иесі «КогалымАвиа» әуе компаниясында бұл төртінші тіркелген төтенше оқиға. Қаза тапқан екі жүзден астам адамның ішінде қазақстандық бар екені де белгілі болды.

224 адамның өмірін қиған ұшақтың ішінде бұрынғы қазақстандықтар да болған. Олардың бірі - Шығыс Қазақстан облысының тумасы Андрей Добрица. Белгілі болғандай, марқұм жұбайымен бірге Мысырға демалуға барған.

Наталья Короткова, Андрей Добрицаның сыныптасы:

Ол жарқын көңілді адам болатын. Қандай жағдай болсын, үнемі күліп, жан-жағын күлдіріп жүретін. Оның жарқын бейнесін мәңгілік жадымызда сақтаймыз.

Марқұмды тануға Санкт-Петерборға Зырянь қаласынан туған ағасы аттаныпты. Апаттан қаза тапқандар арасында тағы бір Қазақстан тумасы Елена Томинаның болғаны анықталды. Бүгінде ұшақтың апатқа ұшырауына себеп болуы мүмкін делінген болжамдар әрқилы. «КогалымАвиа» компаниясы басшылығы, А321 ұшағының әуеде өздігінен қирауы мүмкін емес, деп отыр. Олардың пайымынша, ұшақ қандай да бір механикалық күштің әсерінен апатқа ұшыраған.

Александр Смирнов, «КогалымАвиа» бас директорының ұшу жұмыстары бойынша орынбасары:

Ешқандай да жүйелік ақау ұшақтың әуеде жарылуына әкеп соқтырмайды. Әуе көлігінің аспанда қирауына тек физикалық немесе механикалық күштің әсер етітіні айқын. Қандай да бір жүйенің істен шығуына байланысты ұшақтың жарылуы мүмкін емес.

Бұл нұсқаны американдық Stratfor барлау-сараптамалық агентігі растап отыр. Олар бүгін ұшақ жарылыстың салдарынан апатқа ұшырады деп мәлімдеді. Әуе кемесіне жарылғыш зат жүк арқылы өткен немесе оны жолаушылардың бірі алып кірген деген болжам айтуда. Десе де, оқиға орнынан қандай да бір жарылғыш заттың қалдықтары табылмады.

Бұл Сургут әуежайында жанып жатқан «КогалымАвиа» компаниясына тиесілі «ТУ-134» ұшағы. Ресей басылымдарының жазуынша, оқиға 2011 жылдың қаңтарында болған. 3 адам қаза тауып, 40 адам жараланған. Сондай-ақ, әуе компаниясының тағы екі ұшағы апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. Таңқаларлығы оқыс оқиғалар компанияны Сергей Мордвинцев басқарып тұрған кезде орын алыпты. Ол бұған дейін тақырға отырған «Самара» әуе компаниясын басқарған. Сонымен қатар Мордвинцев әуе апатына ұшырап 47 адамның өмірі қиылған «ТУ-134» ұшағы тиесілі «РусЛайнды» да басқарған. Осыдан кейін «Кубань» әуе компаниясын басқарып, бұл компания да бір жыл ішінде банкрот болған еді. Көп ұзамай Сергей Мордвинцев «КогалымАвианың» тізгінін ұстады. Осы қайғылы апаттан кейін ол «Оренбург» әуежайының басшысы болды. 

Берік ХАСЕНОВ