Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматыда автобус жүргізушілері наразылық шарасын ұйымдастырды

AstanaTV
03.11.2015ж. 20:00
713
Алматыда автобус жүргізушілері наразылық шарасын ұйымдастырды

Алматыда автобус жүргізушілері шу шығарды Олар трамвайларды алмастыруға қарсы. 2-ші автопаркке қарайтын 112 бағыттағы автобус жүргізушілері әкімдіктің шешімімен келіспейді. Оларға 6-шы трамвайдың бағытымен жүру міндеті жүктелген еді. Бірақ  жүргізушілер "бұл бағытта жолаушылардың аз екенін, сондықтан күнделікті жоспарды орындау мүмкін еместігін" айтып шырылдайды.

Асқар Могданов, Алматы қаласындағы №2 автопарктің 112 маршрутының бригадирі:

Адам жоқ, адам жоқ болғаннан кейін кім жалақы төлейді, мысалы, өзіңіз ойланыңызшы. Әр адамның әкелетін табысы бар. Біз өзіміз үшін емес, парк үшін де айтып жатырмыз. Біздің табыс әкелетін маршрутқа жіберіңдер. Көшесін сызып берейік. Бізді осы көшемен жіберіңдер. Бізде жалақы алғымыз келеді. Ертең, мысалы, біреу 150 мың алып тұрса, сен сүмірейіп 30 мың алып тұрсаң, қалай болады. 

Алайда жолаушылар көлігі басқармасындағылар жүргізушілердің талабымен келіспейді. Олар әрбір бағыт жолаушылардың сұранысы бойынша жасалғанын алға тартады.

Ерлан Әділов, Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары:

Қалада күн сайын 1600 автобус жолға шығады. Демек, соншама жүргізуші бар. Егер олардың әрқайсысы "маған мына көше ұнамайды, өзге көшемен жүргім келеді" деп, өзінше талап қоятын болса, қаладағы маршруттық жүйе бұзылады. Әрбір бағыт нақты тәртіппен белгіленген. 

Еске салайық, қала әкімдігінің ұйғарымына сай, 31 қазаннан бастап, «Алматыэлектротранс» өз жұмысын уақытша тоқтатқан. Трамвай жолдарының қауіпсіздігін тексерген арнайы комиссия осындай шешім шығарды. Ал жергілікті билік 4-ші және 6-шы трамвай бағыттарын 20-шы және 112-ші автобустарға жүктеген еді. Мұндай өзгеріске «Алматыэлектротранс» келтірген деректер негіз болған. Жыл басынан бері 43 трамвай рельстен шығып кетті. Соңғы бірер айда Алматыда трамвайдың қатысуымен екі бірдей ірі жол апаты орын алды. Салдарынан 28 көлік зақымданып, 10 адам жарақат алған. 

Самат ҚАНАҒАТОВ