$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Виталий Каркуланың өліміне қатысы бар деген күдікпен екі адам қолға түсті

AstanaTV
10.02.2014ж. 20:00
1154
Виталий Каркуланың өліміне қатысы бар деген күдікпен екі адам қолға түсті

Полиция оралдық кәсіпкер Виталий Каркуланың өліміне қатысы бар деген күдікпен екі адамды қолға түсірді. Олардың біреуі бизнесменнің бұрынғы жұмысшысы екені анықталған. Бірақ басты күдікті, яғни қылмысты ұйымдастырушыға іздеу жарияланды. Кәсіпкердің отбасына жасалған қастандыққа қатысты қылмыстық іске қатысты соңғы деректерді тілшіміз Еркін Қарин жеткізеді.


Полиция дерегіне сүйенсек, қарақшылар бұл жорыққа мұқият дайындалған. Өз құрбандарын күні бұрын барлап, көршілері мен үй аумағын жіті зерттеген. Тергеу деректеріне сүйенсек, олар шолақ мылтық, травматикалық тапаншамен қаруланған. Ел ұйқыға бас қойған уақытта үйдің терезесін сындырып кіріп, отағасына үш рет оқ атқан.


Махамбет Әбисатов, Батыс Қазақстан облысы ІІД басшысы:


Істі тергей келе, кәсіпкерді өлтіруге ешкімнің тапсырыс бермегенін анықтадық. Бұл - бай, қуатты отбасыны тонауға келген қарақшылардың ісі. Қылмыскерлер үйден жалпы құны 3 млн теңгенің алтын бұйымдарын, бұған қоса 1 миллион теңге мен бірнеше мың ресей рублін олжалапты.


Оқиғадан кейін облыс бойынша орналасқан бейнебақылау жүйесіне іліккен адамдар жаппай тексерілген. Автоматтандырылған «Портрет» ақпараттық-іздеу жүйесі арқылы 134 мың бейненің ішінен 32 адамның тұрпаты іріктеліпті. Дегенмен, қылмыскерлерді табуда кәсіпкердің зайыбы берген сипаттамаларға көбірек сүйеніпті. Ол қарақшылардың дене бітімін, жүріс-тұрысын есте сақтап қалған.


Бауыржан Рахметов, Батыс Қазақстан облысы ІІД басшысының орынбасары:


Тергеу амалдарын жүргізу кезінде тағы да бір қылмыстық іс қозғауды жоспарлап отырмыз. Себебі бұл жерде манағы Каркуланың жұбайын өлтіруге бұлар әрекеттенген. Қылмыскерлер бір-бірімен сол бөлмеде заттарды бөліп жатқанда, ол алыс бөлмеге қашып кетіп, айқайлаудың салдарынан бұлар қорқып кетіп қашқан.


Қазір полиция осы қылмысты ұйымдастырды деген күдікпен Ресейдің Орынбор облысының тұрғыны Азамат Жұмағалиұлы Тоғаевты іздестіруде. Ол адам өлтіріп, қарақшылық шабуыл жасағаны үшін бұған дейін 3 рет сотты болған.


Ішкі істер департаментінің мәліметінше, Азамат Тоғаев 2012 жылы түрмеден босап шыққан. Содан кейін ол жалған несие рәсімдеп, алаяқтықпен айналысып келген. Полиция күдіктінің қарулы, әрі аса қауіпті екендігін ескертеді. Сондықтан ол жайлы қандай да бір ақпарат бергендерге қомақты сыйақы әзірлеп отыр. Ал қолға түскен екі күдіктінің екеуі де бұрын істі болған. Олардың бірі кезінде кәсіпкер Виталий Каркуланың қол астында жұмыс істеген көрші ауылдың тұрғыны болып отыр.


Еркін ҚАРИН