Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Жамбыл облысында 5 жасар баланы бақилық қылған бозбала сотталды

AstanaTV
26.04.2016ж. 20:00
1291
Жамбыл облысында 5 жасар баланы бақилық қылған бозбала сотталды

Жамбыл облысында 5 жасар баланы 11 жерден пышақтап өлтірген бозбалаға қатысты сот үкімі шықты. Ол енді 12 жылын қатаң тәртіптегі колонияда өткізетін болады. Бүгін оның бірде-бір туысы сот отырысында төбе көрсетпеді. Бақилық болған бүлдіршіннің анасы да сотқа соңына дейін қатыса алмады. Баласын өлтірген қанішерді көре салысымен, етегі жасқа толған ана есіктен шығып кетуге ғана шамасы жетті. Марқұмның жақындары қылмыскерге қатысты жазаның жеңіл екенін айтады. Олар істі қайта қарау үшін апелляциялық шағым түсірмек. Ал, судья жазаның неге жеңіл болғанын былайша түсіндірді.

Азамат Тілепов, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

12 жыл жаза тағайындалды. Неге сонша аз болды дегенге, Қылмыстық кодекс бойынша бізде, егер кінәлі адам қылмыс жасаған кезде кәмлетке толмаса, онда ҚР заңдары бойынша, оған ең көп дегенде, 12 жыл жаза тағайындауға болады. Одан жоғары болмайды.

Еске салайық, ақпан айының 15-інде Байзақ ауданы Бурыл ауылының 17 жастағы тұрғыны көршісінің үйіне ұрлыққа түседі. Ойын баласының көзінше 28 мың теңгені қолды қылған ол артынша жымысқы әрекетіне куә болған балаға асхана пышағын ала жүгіреді. Жастықпен де тұншықтырып, ақыр аяғы сәбиді 11 жерінен пышақтап тастайды. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ