Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Солтүстік аймақтағы қызыл судан зардап шеккендерге Астанадан «Қайырымдылық керуені» жөнелтілді

AstanaTV
26.04.2016ж. 20:00
1664
Солтүстік аймақтағы қызыл судан зардап шеккендерге Астанадан «Қайырымдылық керуені» жөнелтілді

Қостанай облысындағы Суриков аулындағы тұрғындарға қайырымдылық қордан 1 млн теңгеден өтемақы үлестірілетін болды. Ал 20 отбасыға әкімдік үй бермек. Солтүстік Қазақстандағы  Заречный ауылында орталыққа қатынайтын қос жол әлі жабық. Есепке қарағанда, өңірде қызыл судан 400-ге жуық үйге зақым келген.

Бүгін Астанадан 14 тоннаға жуық азық-түлік пен тұрмыстық заттар, киім-кешек тиелген қайырымдылық керуені теріскейдегі жұрт үшін жолға шықты. 

Сәуірдің басындағыдай емес, қазір Суриков ауылында су деңгейі төмендеген. Ресми есепке қарағанда, өңірде 20 үй бүлініпті. Әкімдік оларға баспана беру мәселесін шұғыл қарастырып жатыр. Қайырымдылық шарасы аясында шығын көрген отбасыларға 1 млн теңгеден және 30 айлық есептік көрсеткіш шамасында әлеуметтік көмек берілуі тиіс.

Бауыржан Көпжасаров, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

Зардап шеккен тұрғындарға аудан маңындағы жаңағы Суриков ауылының маңындағы елді-мекендерде сатылып жатқан 20 үйді ұсынып отырмыз. Олардың суреттерін нақты мекен-жайын  бердік. Сол кісілер енді аралап қарайды. Егер ұнаған  болса біз бүгінгі таңда алып беруге дайынбыз. 20 үйдің иелеріне барлық материалдық көмектер көрсетіледі.

Көмек Солтүстік Қазақстан облысындағы тасқыннан шығын көрген елге де жасалып жатыр. Тайынша ауданы мен Донецкое ауылындағы су басқан үйлер есептеліп, өтемақы берілген. Бірақ үйін су басқан Донецкое ауылының тұрғындары өтемақы көлемі аз деп шағымданған еді.

Мадияр Қожахмет, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының жетекшісі:

Соншалықта қатты залал келген жоқ. Барлығын заң шеңберінде шешіп жатырмыз. Қанша үйдің бүлінгенін нақты айта алмаймын. Барлығы жеке қарауды қажет етеді. Кемі 100 мың теңгеден берілетін шығар. Егер комиссия шығынды одан көп десе, қосымша қаржы шығарамыз.  

Дегенмен Заречный ауылында әлі де жағдай қиын. Мұнда екі аптадан бері орталыққа қатынас жасайтын қос жол бүлінген. Азық-түлікті де құтқарушылар жетікізіп беріп жатыр.

Евгений Журавлев, Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖД бас маманы:

Бұл адамдарды қауіпсіз жерге шығаратын көлік. Бірақ онымен қазір азық-түлік пен орталыққа қатынайтын кісілерді тасып жүрміз. Жұма күні тіпті толғағы қысқан келіншекті ауруханаға апардық. Аман-есен ұл бала туылды. Қазір су түсіп жатыр. Сондықтан жол да ашылып қалар.

Ал бүгін Астанада да асар жасалды. Яғни тасқыннан зардап шеккен жұртқа үлкен жүк көлігіне тиелген азық-түлік пен тұрмысқа ең қажетті деген заттар салынған қайырымдылық керуені әзірленіп отыр. Игі бастаманы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ұйымдастырған. Жамағаттан жалпы сомасы 2 млн 622 мың 746 теңге пітір-садақа жиналыпты. Бұдан бөлек, қала тұрғындарының көмегі де бар.

Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

Солтүстік Қазақстандағы Тайынша ауданына өзіміздің көмегімізді жіберіп отырмыз. Бұл Астана қаласындағы 8 мешіттен жиналған. Жамағаттан жиналған қайырымдылық керуені. Мұнда тұрмысқа қажетті барлық заттар бар. Кішкентай балалардың памперсіне дейін. 310 мыңын ақшалай апара жатармыз. Тағы бір нәрселерге қажет болып қалса деп.

Сөйтіп, көлемі 14 тоннадан асатын гуманитарлық көмек тиелеген «Қайырымдылық керуені», бұйырса, ертең тасқыннан зардап шеккендерге жеткізілмек.

Құралай ПИОНЕР