$487.37 €532.94 ₽5.09
×

СҚО-дағы Рублевка ауылының ауыз су проблемасы әлі күнге шешілген жоқ

AstanaTV
06.02.2014ж. 20:00
1565
СҚО-дағы Рублевка ауылының ауыз су проблемасы әлі күнге шешілген жоқ

Солтүстік Қазақстан облысындағы Рублевка ауылы тұрғындарының ауыз су проблемасы әлі күнге шешілген жоқ. Осыдан бір жыл бұрын "Астана" арнасы лай судан көз ашпай келе жатқан елді мекен туралы көрсеткен. Содан бері мәселе шешімін таппаған. Ал тұрғындар қайтадан дабыл қағуға мәжбүр. Ауылдағы ағайынның арызын Абзал Құрманкин тыңдап қайтты. 


Бұл судың былтыр түсіргендегі түрі. Тот араласқан су ішкен тұрғындар, әбден қажығандарын айтады. Ал мынау, судың бүгінгі күйі. Еш өзгеріссіз. Ауыл тұрғыны Виталий Махиня балаларының денсаулығына алаңдайды.


Виталий Махиня, Рублевка ауылының тұрғыны: 


Суды қайнатып ішеміз. Десе де кесе түбінде судың таты қалады. Әкімдіктегілер құбырларды тазалағаннан кейін су сәл ағаратын сияқты. Бірақ кейін қайта сары түске боялады.


Қайырымды жандардың арқасында ауыл мектебіндегі су жүйелеріне сүзгі орнатылып, қара домалақтар енді мөлдір суды тұтынып жүр.


Александр Махиня, Рублевка орта мектебінің директоры:


Өткен жылдың қазанында жеке кәсіпкер мектепке таза ауыз су тартты. Сүзгіні ара-тұра тазалап отырамыз. Осылайша мектепте, әйтеуір, су мәселесі шешілді.


Кеңес дәуірі кезінде бұл ауылға құбыр тартылған. Ұзындығы он жеті шақырымға созылған құбырды бүгінде әбден тот басқан. Судың лай болуы да сондықтан. Жауапты тұлғалар тозығы жеткен құбырларды тазалап әлек. Алайда нәтижесі көңіл көншітпейді.


Марат Рамазанов, «Қазсушар» РМК «Есіл су» филиалының учаске басшысы:


Су лай болмас үшін, грязовиктерді ашып, суды ағызып, соның сапасын сол жерден тексереміз. Сол 4 км жерде су дұрыстап өтпейтін болса, біз қайтадан келіп, жуып-шайып, сондай әрекеттерді қолданып жатырмыз.


Былтыр су мамандары Рублевка ауылына 2013 жылы жаңа құбырлар тартылады деп уәде берген. Бірақ жоспарды жүзеге асыруға қаржы жағы қолбайлау болыпты. Сансыраған ауыл халқы базыналарын арқалап, аудан әкіміне бет алған. Шенеунік таза ауыз су жақын арада болады деп сендірді.


Қайрат Қасенов, Ақ қайың ауданының әкімі:


Рублевка ауылына таза ауыз су өткізу үшін ел қазынасынан 199 млн теңге қарастырылған. Оның 70 миллионы биыл бөлінеді. Жаңғырту жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында басталады.


Абзал Құрманкин, тілші:


Лай суды тұтынып, шыңыраудан шыға алмай жатқан Рублевка ауылының тұрғындары сәтін салса үстіміздегі жылдың аяғына қарай таза ауыз суға қол жеткізеді. Атқамінерлер берген уәде былтырғыдай уәде ретінде қала ма, әлде іс жүзінде жүзеге аса ма? Оны алдағы уақытта көре жатармыз.