Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ұлттық банк теңгені девальвациялады

AstanaTV
11.02.2014ж. 13:00
884
Ұлттық банк теңгені девальвациялады

Қазақстанда теңгенің бағамы құлдырап, АҚШ доллары күрт жоғарылап кетті. Бүгін Қазақстан биржалық қорындағы сауда-саттық жаңа деңгейге жетті. Ол бойынша, теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 186 теңге болды. Ал Қазақстанның Ұлттық банкі теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан бас тартты. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлайды.

«2014 жылдың 11 ақпанынан бастап Ұлттық банк теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан, валюталық интервенциялардың көлемін кемітуден, теңгенің айырбас бағамын құру процесіне араласудан бас тарту туралы шешім қабылдады», - делінеді хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар жыл соңына дейін доллар құны 160 теңгеге жетуі мүмкін деп болжаған. Көк қағаздың қымбаттауына әлемдік нарықтағы мұнайдың арзандауы мен Ресейдің қаржы саясатындағы өзгерістер әсер етпей қоймайтынын да қадап айтқан.

Алайда осы саланың басы-қасында жүрген шенеуніктер мұны тағы да алып-қашпа әңгімеге балады. Елдегі қаржы нарығын реттеп отырған Ұлттық банк басшылығы алаңдауға ешқандай негіз жоқ деп жұртқа басу айтумен болды. Валюта нарығындағы құбылмалы үрдістің ақыры осындай өзгеріске алып келді. Теңгенің девальвациясы болмайды деп жасалған мәлімдемелер жайына қалды. Жаз айларынан бері тиындап болса да, тынымсыз өскен көк қағаз бір күнде шарықтап шыға келді.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА