Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қазақ-араб достығы тереңдей түседі

AstanaTV
27.04.2016ж. 20:00
1534
Қазақ-араб достығы тереңдей түседі

Мемлекет басшысы Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен келген Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Адел әл-Джубейрді қабылдады. Кездесу барысында Президент екі ел Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күнінен серіктес, ал халқы туыс екенін айтты. Елбасы Сауд Арабиясының жақында қабылдаған 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы Қазақстанның Ұлт жоспарына ұқсас екенін айтты.

Адел әл-Джубейр, Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі:

Осындай кездесулердің арасында Қазақстан мен Сауд Арабиясы бір-бірін терең тани түседі. Біздің мәдениетіміз 12 ғасыр бойы сабақтасып келеді. Қазақстан мен Орталық Азия - Ислам өркениетінің, Ислам дамуының өңірі. Біз екі елдің, екі ел халқының қарым-қатынасы тереңдей беретінін сезіп отырмыз.

Бұдан былай қос мемлекеттің қарым-қатынасы тереңдей түспек. Екі ел ауыл шаруашылығы, мұнай-химия, атом өнеркәсібі және қорғаныс саласында серіктеседі. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың саудиялық әріптесімен өткен кездесуде белгілі болды. Инвестиция алмасу жоспары да бар. Өз кезегінде Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі, Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақсыз мүшесі болу бастамасын да қолдайтынын және Астанадағы «Экспо» көрмесіне қатысатынын жеткізді. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ