Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Бергей Рысқалиевтің күйеу баласы «Балапан» бағдарламасына бөлінген қаржыны «жеп» қойған

AstanaTV
18.02.2014ж. 10:00
1159
Бергей Рысқалиевтің күйеу баласы «Балапан» бағдарламасына бөлінген қаржыны «жеп» қойған

Бергей Рысқалиев ісіне қатысты жаңа деректер белгілі бола бастады. Өңірде мемлекеттің қаржысын өз пайдасына жұмсау ісіне атышулы экс-әкімнің күйеу баласы да атсалысқан болып шықты.

Ол «Балапан» бағдарламасына бөлінген қаражатты игеруге қатысқан. Бұл туралы қалалық білім беру бөлімінің бұрынғы басшысы Фаруза Шәңгереева кезекті сот отырысында айтып берді. Оның сөзінше, 2011 жылы мектепке дейінгі білім беруді дамыту үшін бюджеттен 353 млн теңге бөлінген. Бірақ Рысқалиевтің тобы бұл қаржыға көп қабатты үйлердің цокольды қабаттарын сатып алуды көздеген.

Қалалық білім беру бөлімінің басшылары балабақша салуға мүлдем келмейді деп байбалам салады. Бірақ облыстық әкімдіктен бұйрық келгенде, жұмған ауыздарын ашатын жан болмапты.

Шәңгерееваның сөзінше, бұл цокольды қабаттар бұрынғы облыс әкімінің күйеу баласы Рүстем Әлбақасовқа тиесілі еді. Бір шикіліктің барын сезген Шәңгереева сол кезде жұмыстан өз қалауымен шығып кеткен. Ал мемлекеттік қаржы ақыры цокольды қабаттарды сатып алуға жұмсалыпты.

Илхам ИБРАГИМ