Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Оралда роботтар жарысынан республика чемпионаты өтуде

AstanaTV
24.02.2014ж. 13:00
1330
Оралда роботтар жарысынан республика чемпионаты өтуде

Оралда құлтемірлер сынға түсуде. Роботтар жарысынан республика чемпионатына Қазақстанның 15 қаласынан барлығы 100-ге жуық оқушы қатысты. Жарыста алдымен құлтемірлердің жылдамдығы тексерілді. Кейін олар түрлі кедергілерді бағындырудан сынға түсіп, берілген жолды жүріп өтті. Бұл роботтардың ішіндегі ептілері тіпті алдындағы заттың түр-түсін айырып, баспалдақпен де жоғары көтеріле алады. Мұндағы құлтемірді жасап шығу үшін жалаң қызығушылық аз, жансыз темірді қозғалысқа келтіру үшін механика мен электроника қалаберді түрлі компьютерлік бағдарламаларға да бейімің болуы керек дейді жас шеберлер.

Мұратбек Болғанбаев, жарысқа қатысушы:

Әрбір мектепте робот техникасын дамыту қолға алынса, бұл сала қарыштап дамиды. Біздер бағдарламалау жұмысын үйренбес бұрын университеттер мен мектептерде тренингтер өткіздік. Осы мақсатпен оқушылар бір-бірімен өзара тәжірибе алмассын деп бас қосып отырмыз.

Чемпионаттың тағы бір мақсаты - инновациялар мен жоғары технологияға жастардың қызығушылығын ояту, сондықтан болашақта олар күнделікті тұрмыста да кәдеге жарайтын өнімдерді жасап шығарады деген үміт бар. Келесі жарыс алдағы қыркүйек айында өткізіледі. Бұл сында Мәскеу қаласында өтер әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын құрама іріктелмек.

Айгүл Адекенова, жаттықтырушы (Қарағанды қаласы):

Қарағандыға оралғасын, оқушылар робот техникасымен танысуы үшін өзіміздегі орта мектептерде жаппай семинар өткіземіз. Бұл бастама қала басшылығын да қызықтырады деген ойдамыз. Егер жергілікті билік қызығушылық танытса, алдағы қыркүйекте бағын сынамақ болған командалардың қатары көбейеріне сенімдімін.

Еркін ҚАРИН