Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

ИДБ Қазақстанның су ресурстарын қалпына келтіруге 300 млн$ бөлді

AstanaTV
28.04.2016ж. 20:00
1925
ИДБ Қазақстанның су ресурстарын қалпына келтіруге 300 млн$ бөлді

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы Бас ассамблеясының төрағасы ретінде Қазақстан таңдалды. Жаңа халықаралық институттың жарғысын Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 57 мемлекеттің 31-і ратификациялаған. Ұйымның Ислам мемлекеттерін азық-түлікпен қамтамасыз етудегі мүмкіндігі зор. Бұл шамамен 1,5 миллиард тұрғынды қамтитын ауқымды нарық. Азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын құру бастамасын 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді. Ұйымның штаб пәтері Астанада орналасады. Хатшылықтың бас директоры да біздің елден тағайындалды. Халықаралық ұйым азық-түлікке мұқтаж мемлекеттерге көмек көрсетумен шектелмейді, Қазақстан үшін бұл экономикалық тұрғыда тиімді интеграция болмақ.

Ержан Жалмұханов,  АТҚЖИҰ хатшылығының бас директоры:

Азық-түлік қауіпсіздігінің стратегиялық қорын толтыруға Қазақстанның бидай экспорты әлеуетін қолданамыз. Қорға жиналған азық-түлік Африка, Таяу шығыс және Азия мемлекеттеріне жіберіледі. Қазақстанның тауар өндірушілеріне тамаша мүмкіндік ашылып отыр. Бұл екі континентте орын тепкен 57 мемлекеттің нарығына ашылған жол.

Ұйымға мүше мемлекеттерден жиналған жарнадан оның бюджеті құралады. Қазақстан бүгін 749 мың АҚШ валютасы көлеміндегі алғашқы грантын бөлді. Ұйымның қазынасы тек жарнамен ғана емес, Ислам елдерінің жомарт азаматтары берген қайырымдылық мақсаттағы қаражаттармен де толығады. Болашақта бұл қордан ұйымға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы секторын дамытуға да ақша бөлінеді. Бүгін Ислам даму банкінен 300 миллион АҚШ валютасын тарту туралы келісімге қол қойылды. Бұл қаржы Қазақстанның екі облысындағы ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы жерлерінің суару жүйесі құрылысын жаңғыртуға жұмсалады.

Ислам Әбішев, ҚР АШМ су ресурстары комитетінің төрағасы:

Алматы облысындағы 15 елді мекенде ұзындығы 680 шақырымдық су құбыры тартылып, қуаттылығы тәулігіне 18,8 текше метр су тазартуға қауқарлы станция салынады. Осы облыстың бірнеше ауданында 58 мың Га, Оңтүстік Қазақстандағы Мақтарал және Шардара аудандарында 92,5 мың га жердің суарма жүйесі қалпына келтіріледі.

Қомақты қаржы Қазақстанға 3,6 пайыз жылдық үстемемен 15 жылға, қосымша бес жыл шартымен берілді. Бұл ақшаға сондай-ақ қосымша 512 су ұңғымасы жөнделіп, 270 суарма арна салынады деп жоспарланған.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ