$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Ақтөбеде күйік алған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
03.03.2014ж. 13:00
1217
Ақтөбеде күйік алған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбеде күйік алған әйелге қатысты адам өміріне қастандық жасау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Прокурорлар Жанель Ахметованың анасы жазған арыздан соң осындай шешімге келді.

Науқастың анасы Бақыт Ахметова күйеу баласын жауапқа тартуды талап етуде. Денесінің 95%-зы өртеніп, аурухана кереуетіне таңылған Жанель әлі күнге дейін жан сақтау бөлімінде. Дегенмен, дәрігерлер тергеушінің палатасына кіріп, жауап алуына рұқсат етті.

Алтынбек Есетов, Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық ІІБ бөлім бастығының орынбасары:

Қылмыстық істі кеше қозғадық, одан әрі тергеу жүреді. Басқа қосып айтар ақпаратым жоқ.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ақпанның 19-ы күні облыстық жедел-жәрдем ауруханасына денесінің басым бөлігін күйік шалған 6 баланың анасы жеткізілген болатын. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп отыр. Қазір науқас тамыр арқылы қоректенуде. Жанельдің жақындары болған іске оның күйеуін кінәлайды. Ал жапа шегуші бұл ақпарды жоққа шығарып отыр. Тергеушіге болған жайдың оқыс оқиға екенін айтты. Отқа бензин шашып, шыға берерде жалын шарпыды, дейді ол.

Гүлсара Ахметова, Ж.Ахметованың әпкесі:

Тергеушінің өзі Жанельдің айтқан сөздеріне сенбеді. Бензин отқа шашқан бойда лап ете қалады ғой. Беті, кеудесі өртеніп кетуі мүмкін. Белінен төмен қарай жанып кетуі мүмкін емес. Ал, Жанельдің айтып отырған сөздері шындыққа жанаспайды. Есіктің алдына жете берген сәтте жалын шарпыды дейді.

Мансұр ЕСҚОЖИН